Педагогика және психология факультеті

Бастауыш білім беру кафедрасы

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастауыш білім беру кафедрасының ғылыми-зерттеу қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік ғылыми-білім беру саясатының басымдықтарына және университеттің стратегиялық даму бағыттарына сәйкес жүзеге асырылады. Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмысы педагогика ғылымын дамытуға, педагог кадрларды даярлау мазмұнын жаңартуға және ғылыми негізделген инновацияларды бастауыш білім беру практикасына енгізуге бағытталған.

2025 жылы кафедраның ғылыми-зерттеу қызметіне профессорлық-оқытушылық құрамының 100%-ы (13 адам) қатысты. Оның ішінде ПОҚ-ның 40%-ы гранттық және ішкі университеттік ғылыми жобаларды іске асыруға тартылса, 60%-ы кафедраның ғылыми тақырыбы аясында жеке ғылыми зерттеулер жүргізіп, студенттердің, магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына ғылыми жетекшілік етті.

Ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары

Кафедраның ғылыми зерттеулері кешенді ғылыми тақырып аясында жүзеге асырылады: «Жаңа буын мектебі үшін болашақ бастауыш білім беру педагогтерін даярлау» және келесі басым бағыттарды қамтиды:

· нейродидактика және бастауыш сынып оқушыларының зияткерлік қабілеттерін дамыту;

· заманауи педагогикалық технологиялар және білім берудің цифрлық трансформациясы;

· дуальды оқыту жүйесі және болашақ мұғалімдердің кәсіби даярлығы;

· STEM-білім беру және функционалдық, математикалық, оқырмандық сауаттылықты қалыптастыру;

· soft skills, сыни ойлау және медиасауаттылықты дамыту;

· инклюзивті және көптілді білім беру;

· білім алушылардың ғылыми-зерттеу қызметі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын жобалар

2025 жылы кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын екі ғылыми жобаны іске асыруға қатысты.

Кафедраның негізгі жобасы – мемлекеттік ғылыми жоба: ИРН AP19680117 «Бастауыш сынып оқушыларының интеллектісін дамытуға бағытталған нейродидактикалық контент әзірлеу» (іске асыру мерзімі — 2023–2025 жж., қаржыландыру көзі — ҚР ҒЖБМ). Жоба жетекшісі — Ж.А. Жұмабаева, PhD, қауымдастырылған профессор. Ғылыми ұжым құрамына А.С. Стамбекова, С.А. Нұржанова, Р.Ж. Базарбекова (жетекші ғылыми қызметкерлер), А.Н. Өмірбекова, PhD (жоба орындаушысы, постдокторант), Ш.Б. Қалбергенова (аға ғылыми қызметкер) кіреді.

Жоба заманауи бастауыш білім беруді дамытудың басым бағыты аясында жүзеге асырылып, нейродидактикалық тәсілдерді білім беру практикасына енгізуге бағытталған.

Сонымен қатар, 2025 жылы кафедра өкілі А.Т. Тынысханова, ИРН AP19678345 «Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің зерттеушілік құзыреттіліктері арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту» сыртқы мемлекеттік ғылыми жобаға кіші ғылыми қызметкер ретінде қатысты.

Грантхолдер — Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, жобаны іске асыру мерзімі — 03.08.2023–31.12.2025 жж.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ішкі ғылыми жобалары

2025 жылы кафедра Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қаржыландыратын үш ішкі ғылыми жобаны іске асырды (03.04.2025 ж. №05-04/250 бұйрық). Жалпы қаржыландыру көлемі 17 000 000 теңгені құрады.

Іске асырылған жобалар қатарында:

· «Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолданудың этикалық тәуекелдерін тұжырымдамалық зерттеу», жоба жетекшісі — п.ғ.д., профессор А.Х. Аренова, ғылыми қызметкер — PhD А. Жунусбекова;

· «Білім алушылар арасындағы кәсіби коллаборация – университеттік ортада білім алмасу мен зерттеу жүргізудің жаңа форматы», жоба жетекшісі — Р.Ж. Базарбекова, ғылыми қызметкер — Амангелдіқызы Ажар;

· «Жасанды нейрондық желілерді қолданудың болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің тілдік құзыреттіліктерін дамытуға эмоционалдық-мотивациялық әсерін зерттеу», жоба жетекшісі — А.Т. Туралбаева, ғылыми қызметкер — А.Д. Қариев.

ҒЗЖ нәтижелерін білім беру процесіне енгізу

2025 жылы кафедраның ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелері бакалавриат, магистратура және докторантураның білім беру бағдарламаларына, соның ішінде жаңартылған 6B01308 «Бастауыш білім беру (IP)» білім беру бағдарламасына жүйелі түрде енгізілді.

Ғылыми әзірлемелер болашақ педагогтердің зерттеушілік, цифрлық және әдістемелік құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталған кәсіби цикл пәндерінің мазмұнына кіріктірілді, сондай-ақ педагогикалық практика мен дуальды оқытуды ұйымдастыру барысында қолданылуда.

Жарияланымдық белсенділік

2025 жылы кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы тарапынан:

· Scopus және Web of Science базаларында индекстелетін журналдарда 12 ғылыми жарияланым;

· Q1–Q2 жоғары рейтингті басылымдарда 9 жарияланым;

· ҚР ҒЖБМ КОКСНВО ұсынған журналдарда 24 мақала;

· 1 монография;

· Қазақстан Республикасының жоғары білім беру ұйымдарына арналған 4 оқу-әдістемелік құрал жарық көрді.

Халықаралық ынтымақтастық

2025 жылы кафедра шетелдік университеттер мен ғылыми ұйымдармен халықаралық ғылыми және академиялық ынтымақтастықты жүзеге асырды. АҚШ, Франция, Түркия елдерінен келген шетелдік ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен дәрістер, семинарлар, шеберлік сыныптары және ғылыми кеңестер өткізілді. Сонымен қатар білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның халықаралық ғылыми іс-шаралар мен тағылымдамаларға қатысуы қамтамасыз етілді.

Білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмысы

2025 жылы кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми жетекшілігімен:

· 43 білім алушы халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды;

· 19 білім алушы республикалық байқаулардың жеңімпаздары болды;

· 3 докторант (PhD) және 30-дан астам магистрант диссертацияларын қорғады;

· шетелдік ғылыми тағылымдамаларға 66 магистрант пен 4 докторант қатысты.