Тарих және құқық факультеті

Гуманитарлық ғылымдар кафедрасы

Ауелгазина Толкын Кудайбергеновна
Ауелгазина Толкын Кудайбергеновна

Кафедра меңгерушісі

Саяси ғылымдарының докторы, доцент

t.auelgazina@abaiuniversity.edu.kz

Жалпы мағлұматтар және оқу-әдістемелік қызмет

 

 Кафедраның қалыптасу тарихы


Гуманитарлық ғылымдар кафедрасының қалыптасу тарихы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында қызмет еткен «Саяси экономика» және «Маркстік-лениндік философия» кафедраларынан бастау алады. «Саяси экономика» кафедрасының негізінде Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Цезарь Львович Фридманның жетекшілігімен «Ғылыми коммунизм» кафедрасы құрылып, онда саяси-әлеуметтік салаға жоғары білікті кадрлар даярлаған белгілі ғалымдар қызмет атқарды.



1980 жылы аталған кафедраның атауы «КПСС тарихы» кафедрасы болып өзгертіліп, оны Маданов Хамит Маданұлы басқарды. Ал «Маркстік-лениндік философия» кафедрасы кейіннен «Ғылым философиясының методологиясы» кафедрасы болып қайта құрылып, ұзақ жылдар бойы философия ғылымдарының докторы, профессор Қадыршат Шапағатұлы Шүлембаевтың басшылығымен дамыды. Кейіннен кафедраға республикаға танымал ғалымдар – ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, философия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сәбит жетекшілік етті.



Аталған кезеңде О.А. Сегізбаев, З.А. Мұқашев, философия ғылымдарының докторлары, профессорлар Д.Ө. Құсайынов, Н.Г. Аюпов, Ж.М. Мүтәліпов сынды көрнекті ғалымдар қызмет атқарып, қазақстандық философия ғылымының дербес ғылыми мектебінің негізі қаланды.

 

Тәуелсіздік кезеңіндегі даму эволюциясы



Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен байланысты 1991 жылы «Теориялық және қолданбалы саясаттану» кафедрасы ашылып, кәсіби мамандар даярлайтын дербес құрылым ретінде қалыптасты. 1992 жылы «КПСС тарихы» кафедрасының атауы «Әлеуметтану» кафедрасы болып өзгертілді. Әр кезеңдерде бұл кафедраларға тарих ғылымдарының докторы, профессор С.З. Нарматов, саяси ғылымдарының докторы Ж.Қ. Симтиков, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент С.С. Нұрқасынов, тарих ғылымдарының докторы, профессор И.Ш. Шамшатов жетекшілік етті.



Нарықтық экономикаға көшу және қоғамдық өмірді демократияландыру үдерістеріне байланысты кафедралар қызметінде түбегейлі мазмұндық өзгерістер орын алды. Оқу пәндері идеологиялық сипаттан арылып, объективті ғылыми негізге көшіп, саясаттану мен әлеуметтану салалары әлемдік ғылыми жетістіктермен ықпалдасу мүмкіндігіне ие болды.



1997 жылы «Әлеуметтану» кафедрасы жалпыуниверситеттік кафедра ретінде бөлініп шықты. 2000 жылдары кафедра «Теориялық-қолданбалы саясаттану және әлеуметтану» деп аталып, оның құрамына саяси ғылымдарының докторы, профессор М.Б. Тәтімов, философия ғылымдарының докторлары, профессорлар А.Ш. Ишмухамедов, Т.С. Сәрсенбаев, тарих ғылымдарының кандидаттары, профессорлар Р.Қ. Қайыргелдин, В.К. Сидоров және басқа да білікті ғалымдар қосылды.



2009 жылдан бастап кафедра «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасы болып аталып, 2018 жылға дейін оның қалыптасуы мен дамуына философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Әбсаттаров Раушанбек Боранбайұлы айрықша үлес қосты. Оның басшылығымен кафедрада «Философия», «Дінтану», «Мәдениеттану», «Саясаттану», «Әлеуметтану» білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриат, магистратура және PhD докторантура ашылып, мамандарды сатылап даярлау жүйесі енгізілді.



2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап кафедраны саяси ғылымдарының докторы Симтиков Жомарт Құдайбергенұлы басқарды. Ал 2025 жылғы 1 қарашадан бастап «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасынан Гуманитарлық ғылымдар кафедрасы бөлініп шығып, оның меңгерушісі болып саяси ғылымдарының докторы, доцент, Педагогикалық білім берудің халықаралық ғылым академиясының академигі Ауелгазина Толқын Құдайбергенқызы тағайындалды.

 

Кадрлық әлеует


Гуманитарлық ғылымдар кафедрасы – «Философия», «Дінтану», «Мәдениеттану» білім беру бағдарламалары бойынша республика деңгейінде танылған іргелі ғылыми-педагогикалық ұжым.

Қазіргі таңда кафедрада:

– 7 ғылым докторы, профессор,

– 7 ғылым кандидаты, доцент,

– 7 PhD доктор,

– 17 ғылым магистрі оқытушылық қызмет атқарады.

Жалпы профессор-оқытушылар құрамы – 39 адам. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына 21 докторант пен 10 магистрант тартылған.

Кафедрада «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2006 ж.) Әбсаттаров Р.Б., сондай-ақ философия, саясаттану, заң, педагогика салаларындағы белгілі ғалымдар – Ж.А. Кабаева, Д.Ө. Құсайынов, З.К. Аюпова, Г.С. Сұлтанбаева, Ж.К. Мадалиева, С.А. Омаров, А.Н. Бухаев, Г.Д. Рахимова, А. Кульбатыров, PhD докторлар А. Сәбитқызы, Н.А. Орынбеков, Т.Т. Абылов, А.А. Құрманбек және басқалар жемісті еңбек етуде.

Кафедра оқытушылары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының марапаттары, «Үздік жас ғалым», «ТМД елдері арасында үздік жас педагог» атақтары және университеттік құрмет белгілерімен марапатталған.

 


Оқу-әдістемелік қызмет



Кафедра жүзеге асыратын білім беру бағдарламалары ұлттық және тәуелсіз аккредитация агенттіктерінен өтіп, өз сапасын растаған. Кафедра:
Философия, Дінтану, Мәдениеттану бағыттары бойынша бакалавриат, магистратура және PhD докторантура деңгейінде мамандарды сатылап даярлауды қамтамасыз етеді.

Оқу үдерісі отандық жоғары мектептің үздік дәстүрлері мен шетелдік озық тәжірибенің үйлесімі негізінде ұйымдастырылып, заманауи цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Профессор-оқытушылар құрамы алыс және жақын шетелдік ғылыми-әдістемелік курстар мен семинар-тренингтерге тұрақты қатысып, кәсіби біліктілігін арттырып отырады.



Кафедра білім беру бағдарламаларын жетілдіруде жұмыс берушілер мен түлектермен тығыз байланыс орнатып, еңбек нарығының нақты сұраныстарына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға басымдық береді. Әлеуетті жұмыс берушілер қатарында ғылыми-зерттеу ұйымдары, талдау орталықтары және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері бар.

Қорытындылай келе, Гуманитарлық ғылымдар кафедрасы білім, ғылым және инновацияның өзара тиімді ықпалдастығы негізінде қазіргі қоғамның зияткерлік сұранысына жауап беретін жоғары білікті гуманитарлық бағыттағы мамандарды даярлауға елеулі үлес қосып келеді.