09.04.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МІНДЕТТІ ЕҢБЕК ӨТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бітіруші курс білім алушыларына арналған міндетті үш жылдық еңбек өтеу мәселелері бойынша кең ауқымды түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараға 4 курс бакалавриат, 2 курс магистратура және 3 курс докторантура білім алушылары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған түлектердің міндетті еңбек өтеуіне қатысты заңнамалық талаптарды түсіндіру, сондай-ақ осы бағыттағы соңғы өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жан-жақты ақпарат беру болды.
Аталған кездесу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы №483 бұйрығына енгізілген, 2025 жылғы 20 қазандағы №485 бұйрықтағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында қатысушыларға:
- міндетті еңбек өтеу талаптары;
- жұмыспен өтеу тәртібі мен мерзімдері;
- заңнамадағы соңғы өзгерістер;
- еңбек өтеуден босату немесе кейінге қалдыру шарттары;
- түлектердің құқықтары мен міндеттері бойынша толық әрі нақты ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар білім алушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Кездесуде спикер ретінде «Қаржы орталығы» АҚ жетекші маманы Ақзира Серікқалиқызы және менеджері Мария Байсеркешова сөз сөйлеп, еңбек өтеу үдерісінің құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктеріне жан-жақты тоқталды.Іс-шара 2026 жылғы 9 сәуір күні сағат 11:00-де Zoom платформасы арқылы онлайн форматта өткізілді.