07.04.2026
СТУДЕНТТЕРДІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК КӨРМЕСІ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде Ғылым
декадасы аясында Педагогика және психология факультетінде «Шығармашыл
студенттің әдістемелік қоржыны» атты көрме ұйымдастырылды. Бұл іс-шара білімгерлердің
ғылыми-шығармашылық әлеуетін, педагогикалық ізденістерін және болашақ маман
ретіндегі кәсіби дайындығын паш етті.
Көрмеге факультет студенттерінің
өндірістік тәжірибе барысында жинақтаған білімі мен дағдылары негізінде
әзірленген инновациялық жобалары мен әдістемелік құралдары қойылды. Ұсынылған
жұмыстардың негізгі бағыттары заманауи білім берудің өзекті мәселелерін шешуге
арналды. Атап айтқанда, балалардың эмоционалдық интеллектісін дамыту мен
танымдық процестерін жетілдіруге бағытталған көрнекі құралдар – интерактивті
ойындар мен дидактикалық материалдар. Сонымен қатар ерте жастағы балаларға
арналған сюжеттік ойындар мен жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беруге
арналған материалдар болашақ мұғалімдердің кәсіби қызығушылығы мен
жауапкершілігін көрсетті.
Факультет студенттері инклюзивті
білім беру саласына да айрықша мән берген. Моторикалық дамуында қиындықтары бар
балаларға арналған арнайы құралдар мен ойындардың әзірленуі олардың әлеуметтік
жауапкершілігі мен кәсіби эмпатиясының жоғары деңгейін айғақтайды. Көптеген
жобаларда студенттер жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, оны
педагогикалық процесті жетілдіруге және білім сапасын арттыруға бағыттаған. Бұл
– болашақ педагогтердің заманауи технологияларды меңгеруге деген ұмтылысының
айқын көрінісі.
Көрмеге университеттің
Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Жанна Жусупова қатысып, білім
алушылардың әдістемелік жұмыстарын жоғары бағалады.
– Бүгінгі көрмеде ұсынылған
жұмыстар – жас ұрпақтың білімге деген құштарлығы мен креативті ойлауының жарқын
көрінісі. Болашақ мамандардың кәсіби әлеуеті жоғары екеніне көз жеткіздім.
Университет әрдайым студенттердің бастамаларын қолдап, олардың
ғылыми-шығармашылық ізденістеріне жағдай жасайды, – деп атап өтті.
Бұл көрме болашақ педагогтердің
кәсіби шеберлігі мен жаңаша идеяларын көрсетуге зор мүмкіндік берді. Белсене
қатысқан студенттерге алғыс хаттар табысталып, бастамаларына қолдау көрсетілді.
«Abai University»
медиа орталығы