«ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫНЫҢ ҚЫСҚАША СӨЗДІГІ» ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

7 сәуір күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қабырғасында 7 томдық «Қазақ этнографиясының қысқаша сөздігі» атты іргелі ғылыми еңбектің салтанатты тұсаукесері өтті. Ғылыми-танымдық басылым қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын жүйелеп, көпшілікке ұсынған маңызды еңбек ретінде бағаланды.

Жиынды университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп ашып, бұл жобаның ұлттық ғылым мен рухани жаңғыру тұрғысынан айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

– Қазақ этнографиясының қысқаша сөздігі» – тек ғылыми еңбек қана емес, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, дүниетанымын жүйелеп көрсететін бірегей жинақ. Сөздікте 2120-дан астам этнографиялық атау қамтылып, олардың мазмұны қысқаша әрі нақты түсіндірілген. Ең бастысы, бұл ұғымдар әлемнің 7 тіліне аударылып, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай ауқымды еңбек жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық кодты сақтауға қызмет етеді. Сондықтан бұл басылымның ғылыми-практикалық маңызы өте зор, – деді Болат Анапияұлы.

Сөздіктің жарық көруіне мұрындық болған ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, Абай атындағы ҚазҰПУ зерттеуші-профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов. Ал, авторлар қатарында белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар. Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі Альфия Солтанбекова, мемлекет және қоғам қайраткері Мірболат Жақыпов, техника ғылымдарының докторы, өнертану профессоры Сабыркүл Асанова сынды әртүрлі саланың жетекші ғалымдары.

Тұсаукесерде бірқатар ғалымдар баяндама жасап, сөздіктің ғылыми мазмұны мен құрылымына жан-жақты талдау жасады. Мәселен тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әбжанов, филология ғылымдарының докторлары Айгүл Жұмабекова мен Таңат Аяпова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Күлсін Абдрахманова және этнолингвистика саласының маманы Эльмира Өтебаева сөз сөйледі. Сарапшылар көптомдық еңбектің тілдік, мәдени және тарихи маңызын атап өтіп, оның ғылыми айналымдағы орнын жоғары бағалады.

«Қазақ этнографиясының қысқаша сөздігі» – қазақ халқының дүниетанымы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі мен наным-сенімін қамтитын кешенді ғылыми еңбек. Басылымда домбыра, шаңырақ, кереге, шілдехана секілді этнографиялық ұғымдарға түсініктеме беріліп қана қоймай, олардың мазмұны көркем әдебиеттегі қолданысымен сабақтастырылып көрсетілген. Сонымен қатар, еңбекте экзотикалық лексика ретінде танылатын ұлттық ұғымдар жүйеленіп, ағылшын, қытай, неміс, орыс, түрік және француз тілдеріне аударылған.

Ғалымдардың айтуынша, бұл сөздік – ұлттық мәдениеттің терең тамырын танытатын маңызды дереккөз. Ол жас ұрпақтың тарихи жадысын жаңғыртып, ұлттық болмысты сақтауға, сондай-ақ дәстүр сабақтастығын жалғастыруға ықпал ететін құнды еңбек болып табылады.

«Abai University» медиа орталығы