ӘЗІРБАЙЖАННЫҢ СУМГАИТ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Алматыда Қазақстан мен Әзірбайжан жоғары оқу орындары ректорларының ІІ форумы өз жұмысын бастады. Іс-шараға екі мемлекеттің Ғылым және жоғары білім министрлері мен ЖОО басшылары қатысып, халықаралық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады. Форумда Абай университеті мен Әзірбайжанның Сумгаит мемлекеттік университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстан мен Әзірбайжан жоғары оқу орындары ректорларының II форумы биыл жоғары білім саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп отыр. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ӘР Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев қатысуымен жоғары оқу орындарының басшылары мен салалық ведомстволар өкілдерін қамтыған екіжақты кездесу өтті.

Тараптар жоғары білім беру саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға қатысты өзекті мәселелерді, соның ішінде академиялық ұтқырлықты, бірлескен білім беру бағдарламаларын және әріптестік байланыстарды кеңейтуді талқылады. Форумның ашылуында министр Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы академиялық байланыстарды нығайтудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

«Біз үшін осындай мәртебелі делегацияны қабылдау және алғашқы форум аясында басталған мазмұнды диалогты жалғастыру – үлкен мәртебе. Қазіргі таңда Қазақстанның 62 жоғары оқу орны Әзірбайжанның 81 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан, барлығы 188 келісім жасалған. Бүгінгі форум аясында Әзірбайжанның 18 жоғары оқу орны мен Қазақстанның 29 жоғары оқу орны арасында 63 жаңа меморандумға қол қою жоспарланған», – деді министр.

Форум аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп және Әзірбайжанның Сумгаит мемлекеттік университеті ректорының м.а. Аминага Садигов екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл меморандум екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуды көздейді.

Іс-шаралар алдағы 7-8 сәуір күндері жалғасып, «Study in Azerbaijan» білім беру көрмесі өтеді. Аталған көрме талапкерлерді Әзірбайжанда жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандырып, екі ел арасындағы академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған.

«Abai University» медиа орталығы