СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСС БАСТАЛДЫ

Абай университетінде Ғылым онкүндігінің аясында «XXI ғасырдағы дене мәдениеті және спорт: педагогикалық тәсілдер, тәжірибе, цифрландыру және жасанды интеллект» атты ғылыми-практикалық халықаралық конгресс басталды. Үш күнге созылатын ауқымды жиын ASES халықаралық дене шынықтыру және спорт ғылымдары академиясымен, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы және Алматы облысының білім басқармасымен бірлесе өткізіліп отыр.

Іс-шара заманауи спорт ғылымындағы жаңа трендтерді талқылауға және оқыту үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті енгізу тәжірибесімен бөлісуге арналған. Конгресс жұмысын Абай университетінің зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан ашып, әлемдік деңгейдегі сарапшылардың басын қосқан жиынның отандық педагогика үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

Жиынға Түркияның Синоп және Локман Хеким университеттерінің, Жапонияның Тоин, Литваның Витаутас Магнус оқу ордаларының жетекші профессорлары мен ректорлары арнайы келген. Сонымен қатар Назарбаев университетінің спорттық медицина саласындағы мамандары мен Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина бастаған спорт майталмандары, ЖОО оқытушылары, спорт мектептері мен федерацияларының жаттықтырушылары және жас ғалымдар қатысты.

Пленарлық отырыста баяндамашылар дене шынықтыруды білім берудің стратегиялық ресурсы ретінде қарастырып, Жапония мен Еуропаның озық тәжірибелері негізінде AI платформаларын жаттығу үдерісіне және оқушылардың физикалық дамуын болжауға қолданудың нақты тетіктерін ұсынды. Дене шынықтыру сабағында STEAM-технологияларды қолдану, спорттық медицинадағы жаңашылдықтар, ұлттық ойындарды заманауи форматқа икемдеу әрі ұлттық кодты қалыптастыру құралы ретінде дамыту сияқты тақырыптар талқыланды.

Конгресс аясында екі ірі секция өз жұмысын бастады. «Дене мәдениеті мен спорт педагогикасы, теориясы және практикасы» атты бірінші секцияда оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, инклюзивті білім беру жағдайындағы өзекті мәселелер қаралды. Ал «Дене мәдениеті мен спорттағы цифрлық технологиялар және жасанды интеллект» тақырыбына арналған екінші секцияда спорттық деректерді талдаудағы интеллектуалды жүйелердің тиімділігі мен жаттығу үдерісін цифрландырудың заманауи мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан сараланды.

Халықаралық конгресс аясында әзірленген ұсыныстар еліміздің білім беру жүйесіне интеграцияланып, дене шынықтыру саласын заманға сай трансформациялауға жол ашпақ. Үш күн бойына ғалымдар ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесімен бөліседі. Белгілі спортшылар өмірлік тәжірибесіндегі заманауи әдістемелерді паш етіп, дене тәрбиесінде оқушылардың физикалық әлеуетін арттыруға пайдалы кейстерді ортаға салады.

«Abai University» медиа орталығы