06.04.2026
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДА СЕНБІЛІК ӨТТІ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бекітілген 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Аталған тұжырымдама елдегі экологиялық ұлттық сананы қалыптастыруды басымдық ретінде айқындайды.
Сенбілікке университеттің 600-ге жуық студенті белсенді қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты. Шара барысында студент жастар Т. Рысқұлов көшесінің бойын бірнеше топқа бөлініп тазалады. Олар жол жиегіндегі тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы қаптарға сұрыптап салды және жаяу жүргіншілер аймағын ретке келтірді.
Бұл сенбіліктің мақсаты – жастар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру, қоғамдық белсенділікті және қоршаған ортаға қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі мақсаттары мен бағыттары қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, табиғатты аялау мәдениетін әрбір азаматтың өмір салтына айналдыру, экологиялық ойлау мен жауапты әрекеттерді қалыптастыру. Сонымен қатар, маңызды бағыттардың бірі – экологиялық білім мен ағарту жұмыстарын балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейде жүйелі түрде жүргізу. Сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру, жасыл желектерді көбейту және қоршаған ортаның сапасын жақсарту да негізгі міндеттер қатарында.
Айта кету керек, Абай университетінде «Таза Қазақстан» жобасы аясында жыл бойы сенбіліктер ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Студент жастар қала аумақтарын тазартып, ағаш отырғызып, табиғатты қорғау акцияларына атсалысып келеді.
«Abai University» медиа орталығы