06.04.2026
ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІН БАҒАЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Абай университетінде «Білім
беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті цифрландыру» және «Мектепке дейінгі
жастағы аутизмі және басқа да психикалық ерекшеліктері бар балалардың білім алу
әлеуетін бағалаудың дифференциалды-диагностикалық үлгісі» тақырыбында top-time
семинарлары өтті. Аталған кездесулерде өскелең ұрпақтың дамуына бағытталған
іргелі ойлар ортаға салынып, инновациялық шешімдерді іздестіруге жол ашты.
Педагогика және психология
факультетінің деканы міндетін атқарушы, PhD Гүлмира Бекенқызы білім беру
жүйесіндегі заманауи үрдістер туралы баяндама жасады. Цифрландыру мен
инклюзивті тәсілдердің маңызын жан-жақты зерделеді. EL UMITI корпорациясы және QABILET
қоғамдық қорымен бірлесе жүзеге асырған жобалар негізінде талдау жүргізді. Балалардың
жас ерекшеліктеріне сәйкес эмоционалдық интеллектіні дамыту, коммуникативтік
дағдыларды қалыптастыратын арнайы бағдарламаларды сөз етті. Атап айтқанда,
шығармашылық ойлау, сыни ойлау, коллаборация және тиімді қарым-қатынас
дағдыларын бағалауға арналған кешенді әдістемелер баланың жеке даму
траекториясын айқындауға мүмкіндік беретінін алға тартты.
Жиын барысында жалпы және
қолданбалы психология саласында қызмет ететін ғалымдар мен сарапшылар әзірлеген
авторлық диагностикалық, дамыту бағдарламалары жан-жақты сипатталып, мектеп
психологтеріне арналған кешенді құралдардың тиімділігі мен артықшылықтары
айқындалды. «Мұндай жүйелі диагностика мен дамыту жұмыстары білім алушылардың
қабілеттерін ерте кезеңнен анықтап, оларды мақсатты түрде қолдауға жол ашады.
Осы арқылы цифрлық технологиялармен ұштасқан заманауи психологиялық қызметтің
тиімділігі артып, инклюзивті білім беру кеңістігінде әр баланың өзіндік
ерекшеліктерін толық аша аламыз» дейді зерттеуші.
Халықаралық ынтымақтастық аясында
Қазан федералдық университеті жанындағы «Біз біргеміз» арнайы түзету
балабақшасының мамандары Эльвира Исмаилова және Ольга Лукьянова мектепке
дейінгі жастағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алу мүмкіндектерін
бағалауда қолданылатын дифференциалды-диагностикалық үлгінің ерекшеліктерін
баяндап, оның мазмұнын тереңінен ашты.
Семинар шеңберінде цифрлық
технологияларды тиімді пайдалану арқылы психологиялық қызметтің сапасын
арттыру, деректерді талдау жүйесін жетілдіру және инклюзивті білім беруді
дамыту мәселелері қозғалды. Университеттің Ғылым департаментінің директоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор Марфуға Абсатова мұндай форматтағы
кездесулер ғылыми қауым үшін зор маңызға ие екенін атап өтті. Ол қазіргі
динамикалық кезеңде жаңа көзқарастар мен инновациялық шешімдердің қажеттілігіне
баса мән беріп, мазмұнды ғылыми диалогты жүйелі түрде жалғастырудың
маңыздылығына тоқталды.
Ашық пікір алмасуға негізделген top-time
семинар қатысушылардың өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға, ұсынылған
бастамалардың ғылыми-білім беру қызметін жетілдіруге жағдай жасайтын нақты
қадамдарға ұласуына ықпал етті.
«Abai University» медиа орталығы