04.04.2026
Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күніне арналған Networking өтті
2026 жылғы 2 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология факультетінің Арнайы педагогика кафедрасы №7 Оқушылар үйі ұжымымен бірлесіп, «Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру» күніне орай «Аутизм және қоғам: түсіну, қолдау, инклюзия» тақырыбында Networking ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) бар балалар мен ересектерге қатысты қоғамның ақпараттылығын арттыру, инклюзивті мәдениетті қалыптастыру және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамыту.
Networking барысында қатысушылар аутизмнің нейропсихологиялық және психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері бойынша ғылыми-тәжірибелік ақпарат алып, инклюзивті білім беру жағдайында педагогикалық қолдау көрсету тәсілдерімен танысып, кейстер негізінде тәжірибе алмасты.
Аталған іс-шара университет Ректоры Болат Тілептің, ғылыми-зерттеу және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтанның, аппарат басшысы Жанатбек Ішпекбаевтың қолдауымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар іс-шараға «Арнайы педагогика» кафедрасының меңгерушісі Ақбота Аутаева, доценттер Ақмарал Рсалдинова, Зейнеп Бекбаева, оқытушылар Бауыржан Әбибулла, Әлишер Ырымтай, №7 Оқушылар үйі директорының міндетін атқарушы, 2 курс докторанты Камила Толендиева, сондай-ақ докторанттар, магистранттар, бакалавриат студенттері және білім беру ұйымдарының мамандары белсенді қатысты. Іс-шара аясында қатысушылар арасында мазмұнды кәсіби диалог орнап, тәжірибе алмасу үшін тиімді алаң қалыптасты
Аталған Networking Дүниежүзілік аутизм күні аясында өткізілген маңызды әлеуметтік-білім беру бастамаларының бірі ретінде айрықша мәнге ие. Іс-шара қоғамда аутизмі бар тұлғаларға деген түсіністік пен қолдау мәдениетін нығайтуға, сондай-ақ инклюзивті білім беру қағидаттарын кеңінен дәріптеуге бағытталды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар аутизм мәселесіне бейжай қарамаудың өзектілігі, әрбір баланың сапалы білім алуға және толыққанды өмір сүруге тең құқығы ерекше аталып өтті.