ӨҢІРЛІК МЕКТЕПТЕРМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Абай университетінде Ғылым онкүндігінің аясында Алматы және Түркістан облыстарының мектептерімен меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастық туралы келісім білім алушылардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге, білім беру жүйесінің сапасын арттыруға мол септігін тигізеді.

Кездесу барысында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова университет үшін мектеппен ынтымақтастықтың маңыздылығын алға тартып, білім сапасы, ғылыми зерттеу жұмыстарын бірлесе атқару туралы сөз қозғады. Педагогика саласын дамытуға бағытталған бірнеше ұсыныстарды ортаға салды.

Екіжақты ынтымақтастық туралы келісімге Д.Қонаев атындағы орта мектеп директоры Дилшад Нуржанова, Қалжат орта мектебінің директоры Дилмурат Блалов, Тәукехан атындағы ЖББМ директоры Қамар Джамалбекова қатысты. Олар бірлескен серіктестікті дамыту жолдарымен бөлісіп, Абай университетіне ризашылығын жеткізді.

Педагогикалық жоғары оқу орны ретінде университет түлектерінің басым бөлігі мектептерде кәсіби қызмет атқарады. Сондықтан да оқу үдерісінде білім алушылардың тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға айрықша мән беріледі. Болашақ педагогтардың мектеп ортасына бейімделуі мен кәсіби құзыреттілігін дамыту негізгі басымдық ретінде қарастырылған.

Абай университеті – ұстаздар ұстаханасы ретінде ғасырға жуық тарихында 250 мыңға жуық педагог мамандарды даярлаған қарашаңырақ. Сондықтан, әркез мұғалім даярлау ісінде теория мен тәжірибені ұштастыруды көздейді. Бүгінде оқу орнында болашақ ұстаздар қауымының теориялық білімін тереңдетумен қатар, практикалық шыңдалуына айрықша мән беріледі. Бүгінгі ынтымақтастық туралы меморандум бәсекеге қабілетті, заманауи талаптарға сай білікті педагогтарды қалыптастыруға үлес қосары анық.

 «Abai University» медиа орталығы