АУТИЗМ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТАНДЫРУ КҮНІНЕ ОРАЙ АКЦИЯ ӨТТІ

Ғылым декадасы аясында 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күніне орай Абай университетінде маңызды іс-шара өтті. Арнайы педагогика кафедрасы мен Алматы қаласының №7 Оқушылар үйі қосымша инклюзивті білім беру бөлімінің мамандары қоғамның назарын аутизм мәселесіне аударды. Бұл акция – оқытушылар мен тәжірибелі мамандарды жұмылдыра отырып, Қазақстанда кедергісіз инклюзивті ортаны құруға үлес қосуды көздейді.


Іс-шара нетворкинг форматында болып, екі тақырыптық интерактив станция қойылды. Оның бірі «Қолдау спектрі: АСБ туралы мифтер мен фактілер» станциясында аутизм ерекшеліктеріне қарай Қазақстан мен дүнижүзіндегі таралу статистикасын көрсетті. Мұнда ұйымдастырушылар аутизм туралы сұрақтар қойып, жұртшылыққа танымдық ойындар ұйымдастырды. «Миф немесе факт» интерактив ойыны аутизм төңірегінде қалыптасқан жаңсақ түсініктерді сейілтіп, ойынға қатысқандарға тәтті сыйлықтар таратылды.

Ал екінші «Қолдау спектрі: ABA және TEACCH әдістері» станциясында заманауи ғылыми тәсілдер таныстырылды. №7 Оқушылар үйінің тәжірибелі мамандары қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA) принциптеріне және TEACCH бағдарламасы бойынша құрылымдық оқытудың ерекшеліктеріне тоқталды. Көрмедегі арнайы ойыншықтар, дамытушы құралдар мен әдістемелік кітаптар жиналған қауымның қызығушылығын тудырып, ерекше балалардың әлемді қабылдау жолдарына тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар іс-шара аясында қоғамның АСБ туралы қаншалықты хабардар екенін бағалау үшін экспресс-сұхбаттар өткізіліп, аутизмнің табиғаты, мифтер мен фактілер, бала дамуын ынталандыру әдістері жазылған ақпараттық жадынамалар таратылды.

Ақпараттық акцияда қоғамның бірлігі мен мейірімділікті насихаттау мақсатында «Қолдау қабырғасы» орнатылды. Студенттер мен оқытушылар «АСБ бар баланың анасы – нағыз батыр!», «Құрметті ата-ана, балаңыз үшін жасап жатқан еңбегіңізге рақмет!», «Аутизм – үкім емес» деген сияқты қолдау пікірлер жазып қалдырды.

Осындай бастамалар қоғамдағы әрбір жанның қадір-қасиеті мен даралығы құрметтелетін нағыз инклюзивті қоғам қалыптастыруға септігін тигізері анық.

«Abai University» медиа орталығы