03.04.2026
СТУДЕНТТЕР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДИПЛОМАТИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Абай университетінде өтіп жатқан дәстүрлі Ғылым декадасы аясында Сорбонна-Қазақстан институты студенттері мен оқытушылары ел дипломатиясының өкілдерімен кездесті. Білім мен тәжірибені ұштастырған тағылымды басқосу Қазақстан дипломатиясының қалыптасу тарихы мен даму бағыттарын саралауға арналды.
Кездесуге еліміздің сыртқы саясат
қызметінде қолтаңбасын қалдырған тәжірибелі мамандар – ҚР еңбек сіңірген
дипломаты, «Қазақстандық дипломаттар бірлестігі» қоғамдық ұйымы төрағасының
орынбасары Мақсат Нұрмағамбетов пен халықаралық қатынастар маманы, саясаттанушы Болат Сұлтанов қатысты.
Кездесуде отандық дипломатияның
қалыптасу жолы мен оның қазрігі қоғамдағы маңызы туралы сөз болды. Спикерлер
бұл саланың жауапкершілігін айқындап, болашақ мамандарға қойылатын талаптарға
кеңінен тоқталды.
Мақсат Нұрмағамбетов өз сөзінде келіссөз
жүргізу өнері – тек кәсіби дағды ғана емес, үлкен азаматтық миссия екенін атап
өтті. Оның айтуынша, бұл саланы таңдаған жастар ел тарихын терең білетін,
ұлттық құндылықтарды қадірлейтін және сабырлы тұлға болуы тиіс. Спикер
дипломатиялық қызметтің жауапкершілігі жоғары екенін айтып, жастарды білім мен
парасатты қатар ұстауға шақырды.
Ал Болат Сұлтанов халықаралық
қатынастар жүйесіндегі дипломатияның шешуші рөліне тоқталып, саяси
үдерістердегі келіссөз мәдениетінің маңызын түсіндірді. Қайраткердің пайымынша,
кәсіби маман әрқашан асығыс шешім қабылдамай, әр сөзін таразылап, мемлекет
мүддесін бәрінен биік қояды. Сондай-ақ саясаттанушы тәуелсіз Қазақстанның
қалыптасу кезеңінде еңбек сіңірген тарихи тұлғалардың еңбегін атап өтіп, ғылым
мен дипломатияның өзара сабақтастығына назар аударды.
Жиында әлемдік экономика,
геосаяси ахуал, келіссөз жүргізу тетіктері мен мемлекетаралық байланыс жасау
тәжірибесінде кездесетін күрделі жағдайларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Студенттер көкейдегі сұрақтарын қойып, спикерлермен ашық пікір алмасуға
мүмкіндік алды. Нәтижесінде, білім алушы жастар күрделі әрі жауапты салаға
деген түсінігін кеңейтіп, дипломатияның ішкі мазмұнын тереңірек сезінуге ықпал
етті.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде
Халықаралық құқық кафедрасының магистрі Пак Хе Хьюн «Корея-Қазақстан
ынтымақтастығы» тақырыбында ғылыми зерттеу нәтижелерін таныстырып, екі ел
арасындағы экономикалық байланыстарға салыстырмалы талдау жасады. Бай
тәжірибесін бөліскен кездесу қонақтары жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін
оятып, халықаралық аренада еліміздің атын асқақтатуға үлес қосатын белсенді
азамат болып қалыптасуына жол ашты.
«Abai
University» медиа орталығы