03.04.2026
КЕЗЕКТІ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде кезекті Ғылыми кеңес отырысы өтті. Алқалы жиында оқу орны қызметкерлерінің қызметін бағалау, магистранттар мен докторанттардың диссертациялық тақырыптары мен жетекшілерін бекіту және жаңа лабораторияларды құру мәселелері қаралды. Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету механизмдерін жетілдіру жолдары қарастырылып, университеттің академиялық білім беру және ғылыми зерттеу бағытындағы жұмыстарын жетілдіру талқыланды.
Ең алдымен,
ғылыми кеңес отырысының күн тәртібінде университет оқытушы-профессорлары мен
қызметкерлерінің қызмет сапасын бағалау тұжырымдамасын дайындау туралы сөз
болды. Сонымен қатар, 2025-2026 оқу жылында қабылданған магистрант, докторанттардың
диссертациялық ғылыми жетекшілері мен тақырыптарын бекіту туралы баяндама
жасалды. Абай атындағы ҚазҰПУ-да ғылыми кадрларды дайындау және ғылыми зерттеу
жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Ғылыми кеңесте
қаралған маңызды міндеттердің бірі – инновациялық білім беру мен жасанды
интеллект негізіндегі лабораторияларды құру. Бұл ретте Педагогика және
психология мен Математика, физика және информатика факультетінде аталған
зертханаларды ашу жобасы таныстырылды. Білім беру сапасын арттырып,
инновациялық оқыту технологияларын енгізу және жасанды интеллект негізіндегі
зерттеу инфрақұрылымын дамыту өзекті бағыт ретінде айқындалды.
ЖИ лабораториясы
– мемлекеттік стратегиялық бағыттар негізінде IT мамандардың шеберлігін
арттырып, тәжірибелік R&D кеңістігін инновациялық педагогика бағытында
қолдануға мүмкіндік береді. Аталмыш зертхана қазақ тіліндегі интерактивті
чат-ботты іске қосуды, академиялық үдеріске тиімді сараптама жасауды, айрықша
білім беру талаптарын орындауды, оқытушы-профессорлар қауымының ғылыми
жетістері мен ізденістерін автоматтандыруды көздейді.
Академиялық
қауымдастықтың кезекті ғылыми кеңес отырысында алдағы уақытта жүзеге асырылуы
тиіс жобалар мен міндеттерді нақтыланды. Педагогика бағытындағы халықаралық
тәжірибелерді енгізу мен ЖИ негізіндегі зерттеу инфрақұрылымын дамытуға
бағытталған жұмыс жоспары талқыланды.
«Abai University» медиа орталығы