02.04.2026
ҒЫЛЫМ ОНКҮНДІГІ: TOP-TIME СЕМИНАРЫ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР КӨРМЕСІ
Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінде Ғылым декадасы аясында жасанды интеллекті білім
мен ғылымда әділ әрі жауапкершілікпен қолдану мәселесіне арналған семинар өтті.
Жиынның негізгі өзегі – озық технологияны тиімді игеру ғана емес, оны білім
беру үдерісінде адал пайдалану мәдениетін қалыптастыру.
Жыл сайын Ғылым декадасы
университет қабырғасында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Іс-шаралар легі еліміздегі
12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күніне орайластырылып, мереке мазмұнын
тереңдете түсті. Онкүндік барысында
университет мектептермен байланысын нығайтып, оқушылардың ғылыми ізденісіне жол
ашуды, олардың тың бастамаларын қолдауды көздейді. Жас буынның ғылымға
қызығушылығын арттыру – басты бағыттардың бірі ретінде айқындалды.
Онкүндік аясындағы маңызды
кездесулердің бірі – Математика, физика және информатика факультетінің деканы Шерипидин
Хамраевтің «Жоғары білім мен ғылымда жасанды интеллектіні адал қолдану:
академиялық адалдық қағидалары» атты top-time семинары. Семинарда білім алушылар мен оқытушыларға білім
беру ісінде ЖИ-ді қолдануға байланысты мазмұнды баяндама жасады.
Абай университетінің Зерттеу қызметі
және инновация жөніндегі проректоры Ертай
Сұлтан ғылым декадасының мәніне тоқталып, жас зерттеушілер үшін маңызына ерекше
назар аударды. Ол қазіргі таңда жасанды интеллектінің қарқынды дамып,
технология әлеміндегі жетекші бағыттардың біріне айналғанын атап өтті. Сонымен
қатар жаңа мүмкіндіктерді орнымен пайдалану – уақыт талабы екенін еске салды.
Жиында жасанды интеллекттің даму
жолы мен бүгінгі мүмкіндіктері де сөз болды. Математика, физика және
информатика факультетінің деканы Шерипидин Хамраев бұл саланың құқықтық
негіздері мен қолдану тәртібін кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, ғылыми
жұмыстарда ЖИ-ді қолдану белгілі бір шектен аспауы тиіс, ал ең бастысы –
авторлық құқық сақталуы қажет. Бұл талаптар білім алушының дербес ойлау
қабілетін әлсіретпей, керісінше, оны дамытуға бағытталады.
Сондай-ақ жиында жасанды зердені
пайдалану кезінде дереккөзге дұрыс сілтеме жасау, промптарға авторлық құқық
рәсімдеу мәдениеті – зияткерлік меншікке құрмет секілді мәселелер кеңінен
қозғалды. Қатысушыларға жасанды интеллекті тек көмекші құрал ретінде
қарастыру қажеттігі түсіндірілді. Себебі технология қаншалықты дамығанымен,
адамның сыни ойлау қабілеті мен жауапкершілігін ешқашан алмастыра алмайды.
– Өткен ғасырдың ортасынан бері
жасанды интеллект даму үстінде. Тек соңғы үш жылда жаппай қолданысқа енді.
Дегенмен қазіргі таңда оны әлі де толық жетілген жүйе деп айту қиын. Жасанды
зерденің дерекқоры күн сайын толықтырылып, мүмкіндіктері үздіксіз артып келеді.
Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы жетістікке жетуге болады. Ең бастысы
– оны дұрыс әрі жауапкершілікпен қолдану. Мәселен, бүгінгі таңда көптеген
көмекші құралдар арнайы промптар арқылы жұмыс істейді. Осы тұрғыда промптарды
әзірлеу де авторлық еңбек ретінде қарастырылып, оларды зияткерлік меншік нысаны
ретінде патенттеуге мүмкіндік бар, – деп атап
өтті декан.
Кездесуде киберқауіпсіздік
мәселелері де назардан тыс қалмады. Жасанды интеллекті қолдануда туындайтын
қауіптердің алдын алу, деректерді қорғау және заң талаптарын сақтау жайы
жан-жақты айтылды. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу барлық студенттер
мен оқытушылар үшін де маңызды.
Аталған кездесу ЖИ-ді білім беру
мен ғылымда адал әрі саналы қолданудың жаңа қырларын ашты. Ғылым мен технология
қатар дамыған заманда осындай мазмұнды пікір алмасулар білім сапасын арттыруға,
жас зерттеушілердің жауапкершілігін күшейтуге ықпал ететіні сөзсіз.
Айта кетейік, бүгін декаданың
аясында бұдан өзге де ауқымды іс-шаралар өтті. Мысалы, «Bolashak Fest:
шекарасыз ғылым» тәжірибе алмасу алаңы – шетелдік университеттерде тәжірибеден
өтіп, білім алған мамандар халықаралық білім берудегі озық технологиялар мен
идеяларын бөлісті. Ал, EcoChem Innovation: жас стартапшылар алаңы – жаңаша
көзқараспен ғылыми стартап жобалар дайындаған студенттер үшін мол пайдасын
тигізді. Инновациялық жобалар көрмесінде білім алушылардың экологиялық өзекті
мәселелерді шешуге бағытталған ғылыми жобалары таныстырылды.
«Abai University» медиа орталығы