ЖАЙДАРМАН ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Абай университетінде «Алтын Сақа» студенттік апталығы аясында «Ректор Кубогы – 2026» Жайдарман ойыны өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін әзіл-оспақ сайысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, студенттердің тапқырлығын шыңдауға, шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Аталған ойынға университет факультеттері мен институттарынан, өзге де жоғары оқу орындарынан 9 команда қатысып, үш кезеңде бақ сынады.

Жайдарман ойынына қатысушы командалар өзіне тән ерекше стиль мен сахналық мәдениетті көрсетті. Алғашқы «Сәлемдесу» кезеңінде әрбір команда көрерменге өзіндік ерекшеліктерін танытты. Екінші «Биатлон» кезеңінде қатысушылар әзіл арқылы жылдам ойлау қабілеттерін дәлелдесе, соңғы «Үй тапсырмасы» кезеңінде жұлдызды қонақтармен бірге дайындалған қойылымдарын ұсынды.

Күлкі бәйгесінің әділқазылар алқасының құрамында университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов, Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Жасұлан Мұхашев, Жайдарман ойындарының танымал өкілдері – Асқар Маматов, Слямбек Тұрсынбек және Диас Нұрболат болды. Әділқазылар қатысушылардың өнерін 5 балдық жүйе бойынша бағалап, сахна тілі, әзіл сапасы, мәдениеттілік және сахналық үйлесімділікке ерекше назар аударды.

Ойын қорытындысы бойынша Өнер факультетінің «Көшедегілер» командасы І орынды иеленіп, 80 000 теңге жүлдеге ие болды. ІІ орынды Педагогика және психология факультетінің «Сен сұлу» командасына бұйырып, 60 000 теңге сертификатпен марапатталды. Ал ІІІ орынды университеттің елордадағы «Білім беру» институтының «Астаналық Абай» командасы жеңіп алып, 40 000 теңге жүлдені қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша үздіктер анықталып, 30 000 теңгелік қаржылай сертификаттар табысталды. Атап айтқанда, «Көрермен көзайымы» номинациясын Математика, физика және информатика факультетінің «Абайла» командасы жеңіп алды. Сондай-ақ демеуші Руслан Өтепбайдың 50 000 теңге арнайы жүлдесіне ие болды.

«Үздік ойыншы» аталымы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агромикс» командасының мүшесі Қадырбек Ринатқа берілсе, «Үздік әзіл» номинациясы Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің «Тастақ» командасына табысталды. Барлық жеңімпаздарға университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілептің Алғыс хаттары мен дипломдары табыс етілді.

«Ректор Кубогы – 2026» Жайдарман ойыны студенттердің шығармашылығын дамытып қана қоймай, жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, командалық рухын нығайтуға, достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастарын күшейтуге үлкен үлес қосты.

«Abai University» медиа орталығы