«АЛТЫН САҚА» СТУДЕНТТІК АПТАЛЫҒЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Абай университетінде ұлттық рухты дәріптеп, білім алушылардың шығармашылық әлеуетін арттыруды көздейтін «Алтын сақа» студенттер апталығы жалғасып жатыр. Бүгін апталық аясында волейбол мен футбол спорт түрлерінен тартысты жарысқа түсті. Бұл спорт сайысы "Заң мен тәртіп" және "Адал азамат" мемлекеттік бағдарламалары аясында ұйымдастырылды. Жеңімпаз рухқа толы іс-шараға барлық факультет командалары және Астана қаласындағы Білім беру институтының студенттері де арнайы қатысып, жастардың бірлігі мен жалынын паш етті.

Спорт додасының ашылуында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау құттықтау сөз сөйлеп, аталған шараның маңыздылығына тоқталды.

«Білім алушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру мен оларды жан-жақты дамыту – біздің басты бағытымыздың бірі. Жарыстың мақсаты – тек жеңімпазды анықтау емес, жастарды тән саулығы мен жан саулығын ұштастыруға шақыру. Сайысқа қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін!», – деді проректор.

Салауатты өмір салтын насихаттайтын сайыс түрлері екі алаңда жалғасты. Волейбол ойындары жабық спорт кешенінде өтіп, командалық ептілік сыналса, футбол бәсекесі М.Әуезов атындағы стадионда нағыз тартысқа ұласты. Әр факультеттің намысын қорғауға сайдың тасындай іріктелген үздік ойыншылар шығып, жанкүйерлер қолдауына ие болды. Ал, астаналық студенттер алматылық достарына жоғары деңгейдегі дайындығы мен шеберліктерін көрсетті.

Бір күнге созылған спорттық ойындарда үздіктер анықталып, студенттер арасындағы достық байланыс нығая түсті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін арнайы қаржылай сыйлықтар тағайындалып, жеңіс биігінен көрінген командалар марапатталды.

Командалық ауызбіршілік пен жоғары спорттық шеберлік көрсеткен факультеттер келесідей жүлделі орындарға ие болды.

Футбол бәсекесі бойынша:

  • І орын: Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті
  • ІІ орын: Тарих және құқық факультеті;
  • ІІІ орын: Өнер, мәдениет және спорт институты.

Волейбол додасы бойынша:

  • І орын: Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті;
  • ІІ орын: Математика, физика және информатика факультеті;
  • ІІІ орын: «Сорбонна-Қазақстан» институты.

 «Abai University» медиа орталығы