АБАЙ – ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТІҢ РУХАНИ НЕГІЗІ

Абай мұрасының бастаулары, алғашқы дереккөздері, ғылыми айналымға ену жолы және бүгінгі абайтанудың өзекті бағыттары туралы филология ғылымының кандидаты, доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Марат Нұрғазыұлы ­Бекбосыновпен сұқбаттастық.

– Абай Құнанбайұлы туралы ғылыми пікір алғаш ХХ ғасыр басында айтылды деп жатады. Осы тұрғыдан алғанда, ­Әлихан Бөкейханның Абайды ғылыми әдебиетке енгізудегі рөлі қандай?

– Абай Құнанбайұлы туралы алғашқы ғылыми сипаттаманы жазған тұлға – Әлихан Бөкейхан. ХХ ғасырдың басында Ресейде «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества» атты көптомдық энциклопедиялық еңбек жарық көрді. Ресей билігі отарланған өңірлердің табиғи байлығын, шаруашылық жүйесін және халықтың тұрмыс-тіршілігін зерттеу арқылы аймақтарды басқарудың тиімді жолдарын анықтауға ұмтылды. Осындай экспедиция­лардың бірі – Фёдор Щербина басқарған статистикалық экспедиция. Сол зерттеулер барысында Әлихан Бөкейхан қазақ қоғамының тарихы мен мәдениетін сипаттай отырып, алғаш рет Абай Құнанбайұлы туралы ғылыми тұрғыда қысқаша мәлімет береді. Осы арқылы Абай есімі ғылыми әдебиетте алғаш рет аталып, қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы ретінде таныла бастады. 1903 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген осы энциклопедиялық еңбектің «Киргизский край» бөлімінде Әлихан ­Бөкейхан қазақ қоғамының тарихы, мәдениеті мен шаруашылығы туралы кең көлемде жазып, сол жерде Абай туралы алғашқы ғылыми сипаттама береді. Шамамен 500 беттен асатын еңбектің қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қатысты тарауларының басым бөлігін Бөкейханның өзі дайындағаны зерттеулерде атап көрсетіледі. Бұл – Абай поэзиясын Еуропалық әдебиет деңгейімен салыстырып бағалаған ең алғашқы ғылыми пікірлердің бірі.
Ал Абай қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң, 1905 жылғы 5 қаңтарда Семейде шығатын Семипалатинский листок газетінде Бөкейхан «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» деген мақаласын жариялайды. Осы мақала қазіргі абайтану ғылымында Абайдың алғашқы ғылыми-публицистикалық өмірбаяны ретінде қарастырылады. 
Деректерді салыстырып қарасақ, Абайды ғылыми тұрғыда таныстыру екі кезеңде жүргенін көреміз. Біріншісі – 1903 жылғы энциклопедиялық еңбек, онда Абай көзі тірі кезінде Абай мұрасына қысқаша ғылыми сипаттама берілген. Екіншісі – 1905 жылғы газет мақаласы, онда ақынның өмірі мен шығармашылығы тұтас бағаланады. Яғни Абай туралы ғылыми пікірдің бастауында дәл осы екі мәтін тұр. Абай мұрасының сақталып, жариялануына оның туыстары да үлкен үлес қосты. Соның ішінде Абайдың інісі Ысқақтың баласы – Кәкітай Ысқақұлы ерекше рөл атқарды. 1905 жылы ол Омбыға барып, Әлихан Бөкейханға Абайдың қолжазбаларын көрсеткені туралы дерек бар. Кейін дәл осы Кәкітай Абайдың баласы Тұрағұлмен бірге Абай шығармаларын жинақтап, 1909 жылы Санкт-Петербургте ақынның алғашқы кітабының жарық көруіне қол жеткізді.

– 1909 жылғы Абайдың тұңғыш жинағының жарық көруі абайтану ғылымының басталуына қалай әсер етті?

– Абай 1904 жылы дүниеден өткеннен кейін оның шығармаларын жинау, реттеу және жариялау ісі Әлихан Бөкейханның кеңесімен дәл осы Кәкітайдың бастамасымен қолға алынды. Нәтижесінде 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы – «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» жарық көрді. Осы жинақ – абайтану ғылымының қалыптасуындағы алғашқы ірі басылымдардың бірі. Кітапты Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың ұлы Тұрағұл Абайұлы құрастырып, баспаға дайындаған. Жинақтың басында «Абай (Ибраһим) Құнанбайұғлының өмірі» деген атпен ақынның өмірбаяны берілген. Ғылыми әдебиетте бұл мәтін Абай туралы жазылған алғашқы жүйелі биографиялық очерк ретінде бағаланады. Онда ақынның шыққан тегі, әкесі Құнанбай әулетінің тарихи орны, Семей өңіріндегі әлеуметтік-мәдени орта, Абайдың орыс және шығыс әдебиеті­мен байланысы, сондай-ақ оның әдеби мектебі туралы деректер алғаш рет тұтас жүйеде баяндалады. Кейін абайтанудың негізін қалаған зерттеуші Мұхтар ­Әуезов осы Кәкітай жазған өмірбаянды Абай туралы ғылыми зерттеулердің бастап­қы дереккөзі ретінде ерекше бағалаған.

Абай шығармаларының сақталып, бізге жетуінде тағы бір ерекше маңызды тұлға бар. Ол – ақын өлеңдерін арнайы көшіріп жазып отырған хатшы әрі көшіруші Мүрсейіт Бікеұлы. Ғылыми ортада «Мүрсейіт қолжазбалары» деп аталатын мәтіндер Абай шығармаларының ең сенімді нұсқаларының бірінен саналады. Бүгінгі абайтану ғылымында Мүрсейіттің кемінде үш негізгі көшірме нұсқасы белгілі (1906, 1907, 1910 жылдарға жататын қолжазбалар).

Қазіргі деректер бойынша Абай шығармаларының оннан аса негізгі қолжазба нұсқасы анықталған. Олар Қазақстандағы ғылыми мекемелердің, соның ішінде қолжазба қорында сақтаулы. Осы мәтіндердің арасында Мүрсейіт Бікеұлы көшірген нұсқалармен қатар Сәдуақас Шорманов, Княз Худашев, Төлеу Түгелбайұлы, Шериаздан Мәрсеков және басқа да көшірушілердің қолымен жазылған материалдар бар. Ғалымдар осы қолжазбаларды салыстырмалы текстологиялық әдіспен зерттеу арқылы Абай шығармаларының ең дәл ғылыми мәтінін қалпына келтіруге тырысып келеді.

Осы деректерді жүйелі түрде қарастырсақ, абайтану ғылымының бастапқы кезеңінде үш негізгі тарихи арна қалыптасқанын көреміз: біріншісі – Әлихан Бөкейханның Абай туралы алғашқы ғылыми-публицистикалық мақалалары; екіншісі – Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы дайындаған 1909 жылғы тұңғыш кітап; үшіншісі – Мүрсейіт Бікеұлы көшірген қолжазбалар арқылы сақталған мәтіндік дәстүр. Дәл осы үш дереккөз кейінгі абайтану зерттеулерінің ғылыми негізін қалыптастырды.

Сол кезеңде Мұхтар Әуезов Семейде бірқатар ғылыми-ағартушылық жұмыстарды қатар атқарды. Педагогикалық техникумда қазақ әдебиетінің тарихынан дәріс оқып, қазақ әдебиеттануындағы алғашқы жүйелі оқу құралдарының бірі – «Әдебиет тарихы» еңбегін жазды. Еңбек 1927 жылы жарық көргенімен, кейін кеңестік идеологиялық саясаттың ықпалымен басылымнан алынып тасталды. Абай өмірбаянын жазу барысында Әуезов ақынның замандастары мен шәкірттерінің естеліктерін кеңінен пайдаланды. Солардың ішінде Абайдың жақын шәкірті, ақын Көкбай Жанатайұлы туралы деректер ерекше маңызды болды. Осы естеліктер арқылы Абайдың тұлғалық болмысы, мінезі, әдеби ортасы және шәкірт тәрбиелеу дәстүрі туралы құнды мәліметтер ғылыми айналымға енді. 1933 жылы жарық көрген Абай шығармаларының жинағында ақынның толықтырылған өмірбаяны жарияланды. Кейінгі абайтану зерттеулерінің басым бөлігі дәл осы нұсқаға сүйеніп жазылды. Осылайша, Әуезовтің көпжылдық ғылыми ізденісі нәтижесінде Абай тұлғасы тарихи деректерге негізделген жүйелі ғылыми сипатқа ие болды. Соның негізінде абайтану дербес ғылыми бағыт ретінде қалыптасты.

– Абайдың өмірінің соңғы кезеңіне қатысты қандай тарихи деректер сақталған?

– Абай Құнанбайұлы өмірінің соңғы кезеңіне қатысты деректердің бір бөлігі ресми жинақтарда емес, естеліктер мен қолжазба нұсқаларда сақталған. Абай 1904 жылғы 23 маусымда (ескі стильмен 10 маусым) жайлауда, Балашақпақ деген мекенде дүниеден өтті, сүйегін Ақшоқыдағы ата әулеті зиратына жерлеуге әкеле жатқанда, жаздың ыстық күні мүмкіндік бермегендіктен, қара шаңырақтың қыстауы Жидебайға қойған. Ақынның соңғы күндері туралы мәлімет негізінен оның жақындары мен шәкірттерінің естелігінде кездеседі. Сол естеліктердің бірқатарында Абайдың қайтыс болар алдында Аллаға тәубе айтып, адам баласының күнәлы табиғаты туралы ой айтқаны баяндалады.
Кейбір деректе ақынның соңғы сәтінде айтылған деп берілетін мынадай жолдар кездеседі:
Күнәйім көп иллахи,
Кешіре гөр мұнымды.
Басқа барар жерім жоқ,
Ұсындым хаққа мойнымды.
Ата-анам едің қара жер,
Аша гөр енді қойныңды!
Осы мәтін Абайдың академиялық толық жинақтарының негізгі корпусына енгізілмеген. Сондықтан зерттеушілер оны ақынның соңғы дұғалық сөзі немесе ауызша айтылған өлең жолдары ретінде қарастырады. Мұндай деректердің бір бөлігі замандастарының естеліктерінде, соның ішінде Ниязбек Әбдіғалиұлы Алдамжаров естелігінің «Абайдың өлерінде айтқаны» атты жазбасында атап өтіледі. 

Ақын мұрасын толықтыру және күмәнді мәтіндерді қайта қарастыру бағытында кейінгі кезеңде бірқатар зерттеу жүргізілді. Солардың ішінде абайтанушы Асан Омаров Абай шығармаларының мәтіндік нұсқасын арнайы зерттеп, қолжазба деректер мен баспа мәтіндерін салыстырды. Зерттеуші Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын шығармаларының екі томдық толық жинағын дайындап, онда кей өлеңдердің авторлығы мен мәтіндік айырмашылықтарын талдауға тырысты. Абайға деген құрмет қазақ зиялылары арасында ерте қалыптасты. Мәселен, Сәбит Мұқанов 1934 жылы жариялаған мақаласында Абайды «қазақ әдебиетінің классигі» деп атап, оның шығармашылығы бүкіл ұлттық әдебиеттің рухани негізіне айналғанын жазды. Кейін осынау пікір қазақ әдебиеттануында кең таралып, Абай тұлғасы ұлттық руханият­тың символы ретінде бағаланды.

– Отарлық кезеңде қазақ қоғамында сөз өнері қандай тарихи және рухани ­қызмет атқарды?

– Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы осы мәселені ғылыми тұрғыдан жүйеледі. Оның 1926 жылы Қызылордада жарық көрген Әдебиет танытқыш еңбегі – қазақ әдебиет теория­сына арналған алғашқы ғылыми еңбек. Ғалым өнерді «тірнек өнері» және «көрнек өнері» деп бөліп, көрнек өнерін сәулет, сымбат, кескін, әуезе және сөз өнері деп беске жіктейді. Соның ішінде сөз өнерін ерекше бағалап, оның адам ақылы, қиялы мен көңіліне бірдей әсер ететін қуатты өнер екенін атап көрсетеді. Сөз өнерінің қуатын түсіндіруде ғалым Абай Құнанбайұлы шығармашылығына сүйенеді. Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңі сөз өнерінің мәнін айқындайтын классикалық үлгі ретінде қарастырылады. Қазақ мәдениетінде сөз өнері фольклормен тығыз байланысып, халықтың дүниетанымы мен рухани жадысын сақтайтын басты құндылықтардың бірі болды.

XIX ғасырдағы қазақ әдебиетін зерттеген Мекемтас Мырзахметұлы бұл кезеңді «отарлық дәуірдегі әдебиет» деп сипаттайды. Оның пікірінше, сол кезеңдегі әдебиеттің не­гізгі тақырыбы – Ресей империясының отар­лық саясаты туғызған әлеуметтік күйзеліс, жер мәселесі және ұлттық рухты сақтау.

Отарлау үдерісі көбіне 1731 жылы Әбілқайыр хан Ресей императрицасы Анна Иоанновна билігін мойындаған уақыттан басталады деп қарастырылады. Осыдан ­кейін Ресей империясы қазақ даласында әскери бекіністер салып, әкімшілік бақылауды күшейтті. XVIII–XIX ғасырларда Ертіс, Жайық және Каспий өңірлерінде салынған бекіністер кейін Семей, Өскемен, Орал, Атырау қалаларының қалыптасуына негіз болды.

Сол кезеңдегі отарлық қысым мен қоғамдық өзгерістерді жырлаған ақындардың бірі – Дулат Бабатайұлы. Оның «О, Сарыарқа, Сарыарқа!», «Аягөз», «Ақжайлау мен Сандықтас» сияқты өлеңдерінде жердің тарылуы, биліктің өзгеруі және халық тағдыры өткір сын тұрғысынан бейнеленді. Бұл дәстүр кейін Абай Құнанбайұлы шығармашылығында жалғасын тапты. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде болыстық жүйенің қоғамды қаншалықты дәңгейде моральдық құлдырауға алып келгені әшкереленеді. Абай қоғамдағы мансапқорлықты, рушылдықты және әділетсіз билікті сынап, ұлттық сананы оятуға бағытталған философиялық поэзия жазды. Осы тұрғыдан қарағанда, XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тек көркем шығармашылық емес, ұлттық сананың тарихи құжаты ретінде де бағаланады. Дулат Бабатайұлы бастаған әлеуметтік-сыншыл поэзия дәстүрі Абай шығармашылығында терең философиялық мазмұнға ие болып, қазақ сөз өнерінің рухани қуатын жаңа деңгейге көтерді.

– XIX ғасырдағы қазақ поэзиясында отарлық кезеңнің шындығы қалай көрініс тапты?

– XIX ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі азаттық идеяларын зерттеген ғалымдардың бірі – Мекемтас Мырзахметұлы. Оның пайым­дауынша, қазақ даласының әр өңірінде отарлық қысымға қарсы сөз өнері арқылы үн көтерген үш ірі ақын бар. Олар – Батыс өңірдегі Махамбет Өтемісұлы, Сарыарқа өңіріндегі Дулат Бабатайұлы және Жетісу өлкесіндегі Сүйінбай Аронұлы.

Бұл ақындардың шығармашылығы қазақ даласының әр аймағындағы отарлық жағдайды бейнелейтін поэзиялық дәстүрді қалыптастырды.

Бірінші бағыт – Батыс Қазақстандағы азаттық поэзиясы. Бұл бағыттың басты өкілі Махамбет Өтемісұлы болды. Оның шығармалары 1836–1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліспен тығыз байланысты. Махамбет поэзиясы бастап­қыда жыраулық дәстүрге сүйенгенімен, кейін жеке ақындық стильге ауысады. Оның өлеңдерінде романтикалық көтеріліс рухы мен нақты тарихи шындық қатар көрінеді. Махамбет поэзиясының негізгі тақырыбы – Кіші жүздегі хандық билік пен патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы күрес.

Екінші бағыт – Сарыарқа өңіріндегі әлеуметтік-сыншыл поэзия. Бұл бағыттың ірі өкілі Дулат Бабатайұлы болды. Оның шығармалары аға сұлтандық басқару жүйесі қалыптасқан кезеңдегі қоғамдық өзгерістерді бейнелейді. «Сүлейменге», «Қазақ туралы», «Ақтанға», «Асқар таудың сәні жоқ», «Біреуге», «Баласына айтқаны» сияқты өлеңдерінде жердің тарылуы, ел билеудегі әділетсіздік, халық тағдыры сияқты мәселелер көтерілді. Әдебиеттанушылар Дулат поэзиясында қазақ әдебиетінде жеке адам психологиясын терең суреттеу және әлеуметтік сын айту дәстүрі қалыптасқанын атап көрсетеді. Сонымен бірге «Еспембет» поэмасы қазақ әдебиетіндегі алғашқы тарихи реалистік поэмалардың бірі ретінде бағаланады.

Үшінші бағыт – Жетісу өңіріндегі азаттық поэзиясы. Бұл бағыттың көрнекті өкілі Сүйінбай Аронұлы болды. Оның шығармаларында Жетісу өңіріндегі Қоқан және Хиуа хандықтарының ықпалына қарсы халықтың көңіл күйі бейнеленеді. Сүйінбай айтыс өнерінде де, толғау жанрында да ел тағдыры, ерлік және әділдік мәселелерін көтерген.
Мекемтас Мырзахметұлының тұжырымы бойынша, осы үш аймақта қалыптасқан азаттық рухындағы поэзиялық дәстүр кейін Абай Құнанбайұлы шығармашылығында жаңа философиялық деңгейге көтерілді. Абай поэзиясында азаттық идеясы тікелей көтеріліс ұраны түрінде емес, халықтың рухани жаңғыруы, білім мен ғылым арқылы ұлттық сананы жаңарту идеясы арқылы көрінеді.

Мұхтар Әуезов Абай дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен үш негізгі рухани арнаны көрсетеді: қазақтың төл әдебиеті мен фольклоры, шығыс әдебиеті мен исламдық философия, сондай-ақ орыс және Еуропа мәдениеті. Төл әдебиет Абайдың рухани қалыптасуының алғашқы негізін қалады. Ол бала кезінен Зере әжесі мен Ұлжан анасының тәрбиесі арқылы халық ауыз әдебиетін, жыраулар поэзиясын бойына сіңіріп өсті. 

1880 жылдардан бастап Абай поэзиясы жаңа философиялық деңгейге көтерілді. «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген сияқты өлеңдерінде халықты білім мен рухани жаңғыруға үндеді. Ал «Ескендір» поэмасында билік, нәпсі және адамгершілік мәселелері философиялық тұрғыдан талданады. Осылайша XIX ғасырдағы азаттық идеясы Махамбет, Дулат, Сүйінбай поэзиясында әлеуметтік сипатта көрінсе, Абай шығармаларында ол рухани жаңғыру мен білім арқылы ұлт болашағын қалыптастыру деңгейіне көтерілді.

– Абайтану ғылымының негізгі кезеңдері қандай және оның басты зерттеу­шілері кім?

– Абайтану тарихының бастауын XIX ғасырдың соңынан көруге болады. 1889 жылы «Дала уәлаяты газеті» бетінде Абай Құнанбайұлы өлеңдері алғаш рет жария­ланды. Соның ішінде «Жаз» өлеңі баспасөзде жарық көріп, ақын шығармалары қазақ оқырманына кеңінен тарай бастады. Осы жарияланымдар абайтану тарихының алғашқы кезеңін қалыптастырды.

XX ғасырдың басында қазақ қоғамында ұлттық ояну күшейіп, Абай мұрасы азаттық идеясының рухани тірегіне айналды. 1909 жылы Санкт-Петербургте ақынның алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді.

1914 жылы Семейде Орыс география­лық қоғамының Семей бөлімшесі ұйымдас­тырған әдеби кеште Нәзипа Құлжанова Абайдың өмірбаяны туралы баяндама жасады. Бұл – Абайға арналған алғашқы әдеби-ғылыми кештердің бірі. Мұхтар Әуезов «Абай Құнанбаев» монографиясын жазып, ақын шығармаларын ғылыми талдады және абайтануды дербес пән ретінде қалыптас­тырды. Кейін абайтануды дамытуға Әбіш Жиреншин, Қайым Мұхамедханов, Қажым Жұмалиев, Зәки Ахметов, Серік Қирабаев, Жұмағали Ысмағұлов, басқа да көп ғалым үлкен үлес қосты.

– Абай мұрасын зерттеуде бүгінгі таңда әлде де тереңірек қарастыруды қажет ететін қандай мәселелер бар деп ойлайсыз?

– Абайтану жөніндегі энциклопедиялық еңбектерде Абай мұрасын алғаш зерттеген тұлғалар ретінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Кәкітай Ысқақұлы, Міржақып Дулатов сияқты қайраткерлер аталып, 1909 жылғы тұңғыш жинақ пен Кәкітай жазған өмірбаян абайтанудың бастапқы деректік арнасы ретінде қарастырылады.

Осы мәселенің кітаптану жағын да нақтылау қажет. Шерияздан Елеукенов пен Жанат Шалғынбаеваның «Қазақ кітаптарының тарихы (ежелгі дәуірден 1917 жылға дейін)» атты еңбегі қазақ кітап мәдениетін, баспа айналымын және оқу кеңістігін зерттеуге маңызды библиографиялық негіз береді. Бұл еңбек Абай өмір сүрген дәуірдегі кітап мәдениетін тануға мүмкіндік береді. Алайда оны тек атаумен шектемей, сол деректерді Абайдың нақты оқыған ортасымен, кітап айналымымен байланыстыра зерттеу қажет.

Екінші маңызды бағыт – «Абай кітапханасы» ұғымын нақты деректермен дәлелдеу. Семей қаласында 1883 жылы Е.П. Михаэлис бастаған саяси жер аударылған орыс зиялыларының қатысуымен қоғамдық кітапхана ашылғаны белгілі. Абай осы кітапхананың жұмысына араласып, оның қорын толықтыруға үлес қосқан. Алғашқы каталогта 45 мерзімді басылым мен 174 кітап атауы болған, ал 1884 жылғы каталогта 602 атау, 944 том және 54 газет-журнал тіркелген. Демек, Абайдың оқу кеңістігін зерттеу үшін тек естеліктерге емес, Семей кітапханасының каталогтарына, қор сипаттамаларына және статистикалық деректеріне сүйену қажет.

Үшінші бағыт – Абайдың орыс және Батыс әдебиетін қандай арна арқылы оқығанын дәлелдеу. Семей кітапханасының қорында Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Достоевский, Тургенев, Гоголь, Гюго, Гете, Диккенс, Золя сияқты жазушылардың шығармалары болғаны белгілі. Сонымен қатар «Вестник Европы», «Русский вестник», «Новости», «Новое время» сияқты мерзімді басылымдар жаздырылып отырған. Алайда ғылыми тұрғыдан «Абай Толстойды оқыды» немесе «Абай Салтыков-Щедринді оқыды» деген пікірлерді нақты каталог деректерімен, мәтінаралық байланыстармен және тарихи естеліктермен дәлелдеу қажет.

Төртінші бағыт – Абайдың шығыс кітап­ханасын нақтылау. Абайдың алғашқы діни білімді ауыл молдасы Ғабитханнан алғаны, кейін Семейдегі Ахмет-Риза медресесінде оқуын жалғастырғаны белгілі. Сондықтан «Абай Ғазалиді оқыды» немесе «шығыс классикаларын білді» деген жалпы пікірден гөрі, қай еңбекті, қай тілдегі нұсқасын, қандай жолмен оқығанын анықтау қажет.

Бесінші бағыт – Абайдың төл әдебиет­пен байланысын үш қабатта қарастыру. Бірінші қабат – ауыз әдебиеті: батырлар жыры, қиссалар, аңыздар, мақал-мәтелдер, жоқтау, шешендік сөздер. Екінші қабат – жыраулық және ақындық дәстүр: Бұқар жырау, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы сияқты тұлғалардың мұрасы. Үшінші қабат – жазба мәдениетке өтпелі кезеңдегі кітаптық әдебиет. Осы үш арнаны нақты деректер арқылы зерттеу «Абай және төл әдебиет» мәселесін ғылыми тұрғыдан дәлелді деңгейге көтереді. Сонда ғана «Абай ұлттық фольклордан нәр алды», «Абай Батыс әдебиетін оқыды», «Абай шығыс классикаларын білді» деген тұжырымдар жалпы пікір емес, ғылыми дәлелденген қорытындыға айналады.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ