01.04.2026
«ХИМИЯ КӨКТЕМІ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде «Ғылым декадасы – 2026» аясында Жаратылыстану және география факультетінде «Химия көктемі» фестивалі өтті. Факультет студенттері зертханалық халаттарын өткен ғасырдың сәнді смокингі мен қауырсынды көйлегіне алмастырып, химия ғылымы мен «Ұлы Гэтсби» эстетикасын ұштастырған шоу ұсынды. Бұл фестиваль – ғылым мен эстетиканы тоғыстыра отырып, студенттердің химияға деген қызығушылығы мен шығармашылық әлеуетін ашуды көздейді.
«Химия көктемі» фестивалі химия
саласының тек формуладан тұрмайтынын, оның қызықты ғылым екенін көрсетті.
Студенттер жаңашылдарымен химияның жұмбақ әлемін көпшілікке жаңа қырынан
танытты. Аталмыш фестиваль көпшілікті өткен ғасырдың сән-салтанатына жетелеп, зертханалық
тәжірибелер арқылы химиялық шоуға толы
болды. Студенттер әртүрлі химиялық элементтерді шебер араластыра отырып, от пен
түтіннен химияның ғажап ғылым екенін паш етті.
Сонымен қатар, ғалымдардың
өмірінен сыр шертетін театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, ұлы жаңалықтардың
ашылу тарихы көрерменнің көз алдында қайта жаңғырды. Әсіресе, студенттер алкогольдік
ішімдіктердің химиялық әсері мен оның адам ағзасына тигізер зардабын ғылыми және
әзіл түрінде жеткізуі – қоғамды жат әдеттен сақтандырудың таптырмас үлгісі
болды. Ал Гэтсби стиліндегі джаз ырғағы, мың бұралған бишілер мен әуезді ән
фестивальдің бірегей концепциясын толықтыра түсті.
Ғылым декадасы аясында
ұйымдастырылған «Химия көктемі» фестивалі көрермен қауымды да назардан тыс
қалдырмады. Интерактивті ойындар мен танымдық викториналар көрерменнің
тапқырлығын шыңдады. Химия кафедрасының оқытушы-профессорлары марапатталып,
ғылымның қызықты, сәнді және заманауи екенін паш етті.
«Abai University» медиа орталығы