ҒЫЛЫМ ДЕКАДАСЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде «Ғылым декадасы – 2026» онкүндігінің ашылу салтанатты өтті. Ғылым мен білімнің өзара сабақтастығын нығайтуға арналған іс-шара жас зерттеушілердің тың жобаларын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берді.

Абай университеті студенттерінің және әр өңірден келген мектеп оқушыларының ғылыми жобалары көрмеге қойылды. Оның ішінде «Ғылыми жобалар және білім көрмесі», «Органикалық тыңайтқыштарды өңдеу бойынша мектеп оқушыларының ғылыми жобалары», «Инновациялық жобалар мен стартаптар көрмесі», сондай-ақ «Мектеп – ЖОО ғылым және білім беру ынтымақтастығы: оқушылар мен студенттердің ғылыми зерттеу жобалары» атты ғылыми-білім беру көрмелері көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеде жасанды интеллектке негізделген түрлі жобалар, мектеп оқушыларына арналған Web-AI интеллектуалды ақпараттық жүйесі таныстырылды. Мәселен, Ақмола облысы Бурабай ауданы №9 мектеп-гимназиясының оқушылары жылқы сүйегінен алынатын коллаген, саумалдан дайындалған балмұздақ, солақай балаларға арналған емен ағашынан жасалған арнайы қаламсап және аллергияға қарсы спрей сынды тың жобаларын ұсынды. Ал университет студенттері химия пәнін қызықты әрі қолжетімді үйретуге арналған «Хемофобия» атты қазақ тіліндегі алғашқы үстел ойынын таныстырды.

Салтанатты жиында университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп қатысушыларды ғылым апталығының басталуымен құттықтап, оқу орнында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жұмыстар жайында айтты.

– Жүз жылға жуықтаған тарихы бар қасиетті қарашаңырақ – Абай университетінде ашылып отырған ғылым декадасының басталуымен баршаңызды құттықтаймын. Бүгінде университетімізде ғылыми инфрақұрылымды дамыту ісі жүйелі жалғасып келеді. Былтыр агробиостанция іске қосылып, зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктері кеңейді. Педагогикалық университет ретінде ғылымдағы жетістіктерімізді көрсетуге және жас зерттеушілерге қолдау көрсетуге әрдайым айрықша мән береміз, – деді ректор.

Іс-шара барысында «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының» әдіскері Төлеубек Шаймерденов сөз сөйлеп, ғылым мен білімнің сабақтастығы жайында пікір білдірді: «Білім беру саласындағы әрбір маманның, әрбір студенттің және зерттеушінің еңбегі ерекше мәнге ие. Жоғары оқу орындары арасындағы байланыс жас ғалымдардың ғылыми ізденісін жандандыруға жол ашады», – деді ол.

Сонымен қатар «SDL School» мектеп-интернаты мекемесінің директоры Ахмет Чолак пен «Mugalim» қоғамдық бірлестігінің басшысы Нұржан Хамзе құттықтау сөз сөйлеп, бірлескен жұмыстардың берері мол екенін атап өтті.

Шара барысында университет ректоры мектеп оқушылары мен студенттердің ғылыми жобаларымен танысып, олардың тың идеялары мен ізденістеріне оң бағасын берді.

Ғылым декадасының аясында жоғары оқу орны мен білім беру ұйымдары арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. Атап айтқанда, «SDL School» мектеп-интернаты мекемесімен, «Mugalim» қоғамдық бірлестігімен және қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығымен Абай университеті өзара ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

Сонымен қатар ғылым декадасы шеңберінде «Research Lab Day» атты ашық есік күндері ұйымдастырылып, қатысушылар университет зертханаларының жұмысымен танысып, жүргізіліп жатқан ғылыми ізденістердің барысын өз көзімен көрді.

Айта кетейік, Абай университетінің ғылым декадасы 1-10 сәуір аралығында жалғасады. Онкүндікте түрлі ғылыми-танымдық іс-шаралар мен конференциялар, top-time семинар сағаттары мен Abai Business Club-тың ашылуы жоспарланған. Алдағы уақытта қарашаңырақ ғылыми зерттеу жұмыстарын тереңдетіп, жемісті жалғастыра бермек. 

«Abai University» медиа орталығы