10.03.2026
«ЕСІК» МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫМЕН МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Абай университеті мен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени
қорық-музейі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Екіжақты келісімнің негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу, білім беру және туризм
салаларындағы байланысты нығайту, сондай-ақ тарих факультетінің студенттері мен
жас ғалымдарының кәсіби дағдыларын шыңдау.
Кездесу барысында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма
Төрағасы-Ректоры Болат Анапияұлы мен «Есік» музей-қорығының директоры Әзімбек
Серікұлы меморандум аясындағы алдағы жоспарларды талқылады. Қос тарап «Есік»
кешенінің тарихи ерекшеліктерін зерттеу, бірлескен ғылыми жобалар мен
археологиялық экспедициялар ұйымдастыру және мамандар арасында тәжірибе алмасу
бағытында кешенді жұмыс жүргізуге уағдаласты. Сонымен қатар, тарихи
тақырыптардағы арнайы дәрістер, семинар-тренингтер мен көрмелер өткізу ісі де
назардан тыс қалмады.
Бұл серіктестік мәдени-танымдық және экологиялық
туризм бағыттарын дамытуға жаңа серпін бермек. Университеттің тарих мамандығы
бойынша білім алатын студенттерімен бірге туристік саяхаттар мен
ақпараттық-танымдық материалдар әзірлеу, одан бөлек ғылыми мақалалар мен
әдістемелік құралдарды дайындап шығару ісі де ынтымақтастықтың маңызды бағыты
ретінде белгіленген. Болат Анапияұлы өз кезегінде атаулы даталарға орай ортақ
іс-шараларды ұйымдастыруға және қызметкерлердің біліктілігін арттыру
бағдарламаларына қызығушылық танытты.
Бұл ынтымақтастық Тарих және құқық факультетінің
студенттері үшін теориялық білімді практикамен ұштастыруға, атап айтқанда,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының базасында өндірістік
тәжірибеден өтіп, далалық зерттеу жұмыстарына тікелей қатысуға жол ашады.
«Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында
іргесі қаланған, әйгілі «Алтын адам» табылған бұл киелі мекенмен серіктестік
орнату – университеттің ғылыми әлеуетін арттыру үшін ғана емес, сапалы кадр
даярлаудағы қажетті қадам болары сөзсіз.
«Abai University» медиа орталығы