АМАЛ МЕРЕКЕСІ – КӨКТЕМ МЕН БІРЛІК БАСТАМАСЫ

14 наурыз – қыстан аман шыққан жұртшылықтың бір-бірімен қауышып, өкпе-назын ұмытып, жаңа жылға таза ниетпен ат басын бұратын Амал мерекесі. Бұл күн – бұған дейін көбіне еліміздің батыс өңірлерінде тойланып, кейде «Көрісу күні» деп те аталған.

Амал мерекесі – кейінгі жылдары қазаққа ортақ мейрам ретінде қоғамға енгізіле бастағаны жасырын емес. Басында оның батыс өңірінде айтылғандай «Көрісу күні» деп аталуы әсіресе басқа аймақтарға ерсі естіліп, көкейге қона қоймағанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, «Амал мерекесі» аталуы, сонымен қатар ағайын-туыстың бірлігін арттырудағы әрекеттері, игі істерді ынтымақпен асарлата жүзеге асыруы, үлкен кісілерге жасы кішілердің сәлем бере іздеп баруы, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» ұзынсары шағында қыстан аман шыққан жұрттың бір-біріне қолұшын беруі, ұзақ көріспеген жандардың жал-жағдайын сұрап қауышуы секілді т.б. имани әрі гуманистік амалдардың көптеп іске асуынан ұлық дәстүр ретінде барша Қазақстанға жағымды ниетпен жайыла бастады.

Қазіргі таңда мемлекеттік деңгейде қолға алынып, «Наурызнама» онкүндігінің бастапқы күні Амал мерекесі болып жарияланғаны белгілі. Бұл күні ағайын-туыс, көрші-қолаң қол алысып, төс қағыстырады. Жылдан аман, айдан есен шығуымен құттықтап, үлкендердің батасын алады. Жай амандық сұрасу емес, өткен ренішті ұмытып, ағайынмен туыстық қатынасты нығайтып, жаңа кезеңге таза көңілмен қадам басу рәсімін жасайды.

Тарихи деректерде бұл күннің орны әрқалай түсіндірілген. ХХ ғасырдың басында күнтізбе өзгеріп, Юлиан күнтізбесінен Григорианға көшкенде күндер саны 13 күнге артып, сол себепті бұрын 1 наурыз деп есептелген күн бүгінгі күнтізбедегі 14 наурызға сәйкес келеді дейтіндер де бар. Ал «Амал» атауы парсы тіліндегі көне «Хамал» айынан шыққан деген пікір де жоқ емес.

Наурыз мерекесі бұрын бірнеше күнге созылып, әр күні өзіндік салт-жоралғысымен ерекшеленген. Шежірешілердің айтуынша, сол кезеңдегі игі жақсылар халыққа Наурыз-думан ұйымдастырып, сән-салтанаты кейде үлкен ас пен тойдан асып кеткен екен. Осы дәстүрдің жалғасы ретінде бүгінде барша еліміз бойынша онкүндік қолға алынды.

Демек, Амал мерекесінде әрқайсымыз ренжіскен адамдарға татуласу үшін алғашқы қадам жасап, жақсы тілек тілеп, ыстық ілтипатпен ақжарма ниетімізді төгілтудің, көңілін сұрауға тиіс жандардың хал-жағдайын білудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Қайта гаджет пен виртуалды өмірге телмірген қоғамда осындай жанды жадыратар мерекеде серпілгенге не жетсін?! Ел ертеңі бала мен жасөспірімдерге де тәрбие беру тұрғысынан да мұндай мейрамның берері көп. Яғни әр күнді, әр сәтті – ағайын-жұрттың бір-бірімен жылы қауышып, татулыққа ұмтылу символы етуге ештеңе кедергі емес екенін ең бірінші өзіміз ұғынғанымыз шарт.

Амал мерекесі – көктемнің алғашқы лебін сездіріп, табиғаттың жаңаруымен астасатын тамаша сәт. Өткенге өкпе артпай, жаңа жылға таза көңілмен қадам басатын халқымыздың рухани сабақтастығының белгісі.

«Abai University» медиа орталығы