15.03.2026
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАНЫМЫЗДА БАР ҚАСИЕТ
15 наурыз – Наурызнама онкүндігі аясындағы
қайырымдылық жасау күні. Бұл – мейірімділік пен татулық, жанашырлық пен ізгілік
дәріптелетін ерекше күн. Қазақ қайырымдылықты материалдық көмекпен қоса терең
этикалық норма әрі адамгершілік борыш деп түсінеді. «Кең болсаң, кем болмайсың»
деген қағиданы ұстанған бабаларымыз қиын сәтте бір-бірін ешқашан жалғыз
қалдырмаған.
Халқымыз көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созуды,
мүгедектерге қамқорлық жасап, қарттарды аялауды әрбір азаматтың адамгершілік
борышы деп есептейді. Ұлттық ұғымдағы қайырымдылықтың әрбір формасы халқымыздың
бауырмалдығы мен ауызбіршілігін айқындайды. Мәселен, ауқымды жұмыстарды бүкіл
ауыл болып ерікті түрде атқару үшін «Асар» мен «Үме» дәстүрлері атқарылған. Ал
басына күн туып, өрт немесе жұттан үлкен шығынға ұшыраған отбасыға бүкіл
ағайынның мал-мүліктей жәрдем беруі «Жылу жинау» деп аталған.
Осыған ұқсас, әлеуметтік қолдаудың нәзік үлгісі
ретінде «Немеурін» салтын айтуға болады. Бұл дәстүр бойынша, тұрмысы төмен жас
жұбайлар шаңырақ көтерген соң ел-жұртты аралап, өздеріне не жетіспейтінін
ишарамен ұғындырып, аяққа тұрып кету үшін көмек сұраған. Ал «Қызыл көтеру»
салты кедей адамның күн көріп отырған жалғыз сиыры не биесі өліп қалғанда
атқарылады. Мұндай жағдайда жақын ағайындарынан 12 адам жиналып, өлген малдың
орнын толтырып береді.
Рухани жомарттық пен имандылықтың белгісі ретінде
қонақасы мен бата-тілектің де ерекше орны бар. Кез келген үйге келген жолаушыға
«Құдайы қонақ» деп қарап, дәм ұсыну – дала заңы. Ал үлкендерден алынатын ақ
батаны материалдық байлықтан жоғары тұратын ізгі ниеттің көрінісі деп
түсінеміз. Бұған қоса зекет пен пітір сияқты діни парыздар қоғамдағы бай-кедей
арасындағы алшақтықты жұмсартып, әлеуметтік жауапкершілікті арттырары анық.
Қазақтың қанына сіңген бұл игі дәстүрлердің жемісін
әлемдік статистикадан көре аламыз. Мәселен, Charities Aid Foundation (CAF)
World Giving Report 2025 есебіне сүйенсек, Қазақстан қайырымдылық жасау жағынан
әлемдік рейтингте 30-орынға тұрақтаған. Зерттеу мәліметінше, ел тұрғындары өз
табысының орта есеппен 1,2 пайызын қайырымдылыққа жұмсайды екен. Бұл көрсеткіш
бойынша еліміз тіпті АҚШ, Ұлыбритания және Германия сияқты дамыған
мемлекеттерді де басып озған. Посткеңестік кеңістік пен Орталық Азия өңірінде
де Қазақстан көш бастап тұр. Атап айтсақ, біздің көрсеткіш Украина (0,98%),
Молдова (1,12%) және Әзірбайжан (0,75%) елдерінен әлдеқайда жоғары.
Қазақстанның бастамасымен 2026 жыл «Халықаралық
еріктілер жылы» болып жарияланып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
ұсынысына байланысты БҰҰ арнайы қарар қабылдағаны белгілі. Аталған шешім
Қазақстанның еріктілер қозғалысын дамытудағы белсенді ұстанымын айқындай
түседі. Бұл үрдістен Абай университеті де тыс қалған емес. Оқу орнында
мүмкіндігі шектеулі және қамқорлыққа зәру жандарға көмек беретін қайрымдылық
ұйымдары жетерлік. Мұндай ұйымдарға мыңдаған студенттің мүше екендігі де
қуантарлық. Олар әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырып, мұқтаж жандарға
материалдық және рухани қолдау көрсетеді. Сондай-ақ ой, сөз және іс бірлігін
ұштастыра отырып, студенттік еріктілік мәдениетін қалыптастырып,
республикамызға ұлгі болып отыр.
Көңілі жүдеуге жылы сөз айту, қарттарға жанашырлық
таныту, айналаны таза ұстау немесе волонтерлік жобаларға атсалысу – мұның бәрі
үлкен ізгіліктің бастауы. Наурызнама онкүндігіндегі бұл күн бізді тек
материалдық байлықпен емес, жан жылуымен бөлісуге шақырады. Өйткені
қайырымдылық – біздің ұлттық болмысымыздың алтын қазығы.
«Abai University» медиа орталығы