16.03.2026
ШАҢЫРАҚ КҮНІ – АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ ҮШІН ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ
16 наурыз – "Наурызнама" онкүндігіне сәйкес
Шаңырақ күні. Қазақ халқы үшін «қара шаңырақ» деген киелі де қасиетті. Ұлттық
салт санамызға сіңген бұл атау еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы
Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен біте қайнасқан. Себебі ғасырға жуық
тарихында ұстаздар ұстаханасы отандық білім-ғылым саласына жоғары білімді 250
мыңға жуық маман даярлаған қасиетті қарашаңырақ.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары жұртшылықты
сауаттандырып, ағартушылыққа бағытталған оқу ордасының іргетасын қалауға Алаш
қайраткерлері өлшеусіз үлес қосты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан бастап,
Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов, Мұхтар
Әуезов сынды алыптар дәріс оқып, сабақ берді. Аталған деректер университеттің
тамырлы тарихын айшықтай түседі. Содан бері Ертіс пен Еділдің, Арқа мен
Алатаудың арасындағы ұлан ғайыр атырапты жайлаған халықтың білім беру саласын
қалыптастыру үшін педагогтар даярлап келеді. Сондықтан да Абай университеті –
ғылым-білімнің қарашаңырағы саналады.
"Наурызнама" онкүндігінің Шаңырақ күні –
ұлтымыздың отбасы құндылығын дәріптеп, мән-маңызын айқындауға бағытталған.
Адамзат үшін жанұя, отбасы – өмірдегі басты құндылық. «Шаңырағың биік, керегең
кең, босағаң берік болсын» деген лебіз ұлттық танымдағы ұлы тілек. Сөз басында
айтылғандай, 250 мыңға жуық маман даярлаған ұлттық университет қабырғасында
отау құрып, шаңырақ көтерген жандар да аз емес. Жалынды жастық шақтың
студенттік кезеңін өткере жүріп, өмірлік жарын тапқандар да жеткілікті. Бүгінде
тірлігі мен бірлігі жарасып, бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жүрген түлектердің
бір парасына тоқталсақ.
Абай университетінде жоғары білім алып қана қоймай,
ғылыми кандидаттық қорғап, доцент атанған Мұрат Жақсыбаев пен Гүлнарай
Сабденалиеваны жоғары оқу орнының ұжымы жақсы біледі. Олар өткен ғасырдың
90-жылдары дипломын қолына алған сәттен бері қарашаңырақ қабырғасында ұстаздық
қызмет етіп келеді. Жаратылыстану факультетінің Биология кафедрасы мен
География және экология кафедрасында оқытушылық қызмет атқаратын жұбайлар
отбасылық бақытын Абай университетінен тапқан десек артық емес.
Өнер факультетінің Көркем білім кафедрасында қазіргі
таңда үш бірдей ерлі-зайыпты оқытушылар отбасы еңбек етеді. Қылқаламды серік
еткен шығармашыл азаматтар отбасылық бақытын алыстан емес, Абай университетінен
тапқан. Айғали Сұлтанғұбаев пен Гүлназ Асылбекова 2008 жылы отау құрған болса,
Айдын Қожағұлов пен Қарлығаш Гайсина осыдан 15 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Ал
Ернат Иманбакиев пен Ырыскүл Оханованың үйленгендеріне биыл – бір мүшел.
Саналы ғұмырын қазақ әдебиеттану ғылымына арнаған
ғалым, ұстаз, академик Серік Қирабаев Абай атындағы ҚазҰПУ қабырғасында өзінің
өмірлік жарын тапқан. Филология факультетінде білім алып, қарашаңырақта ұзақ
жылдар бойы табанды еңбек еткен белгілі ғалымның жары Әлия Бейсенова
университеттің мақтан тұтар түлегінің бірі. Қазіргі таңда академиктің ізін
жалғап, осы факультетте оқып, жұптасқандардың бірі – Тілеулес Атиков пен
Назерке Маханбетова. Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен
әдебиеті мамандығының түлектері 2018 жылы шаңырақ көтерген екен. Осы сияқты
Абай университетінің табалдырығын бірге аттап, отбасы құрған түлек өте көп.
Алдыңғы жұптардың неке сақиналарын таққандарына жарты ғасырдан асқан.
Дүйім жұрттың талқысына ұсынылып, кеше ғана қолдау
тапқан Жаңа Конституцияда отбасы – мемлекет қорғауында болатыны туралы
жазылған. Демек, Ата Заң қазақ халқы үшін қасиетті шаңырақ ұғымын қастерлеуге
кепілдік береді. Шаңырақ күні қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінде білім алып, отбасын құрған жандардың біразын сөз
еттік. Алдағы уақытта бұл қатардың да көбейе берері сөзсіз.
«Abai University» медиа орталығы