АСЫЛЫ ОСМАНМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін университет қабырғасында ұлт руханиятын ұлықтаған, жас буынның санасына сәуле түсірген тағы бір тағылымды кеш өтті. «Адал азамат» жобасының аясында «Ұлт болашағы – өнегелі отбасында» атты кездесу – мазмұны терең, мағынасы салмақты басқосу болды. Жиынның қадірлі қонағы – ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман. Қоғам қайраткері жастарға ұлт тәрбиесі, тіл тағдыры, отбасы құндылығы төңірегінде тағылымы мол ойларымен бөлісті.

Кештің шымылдығы Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының мүшесі, жас ақын Данияр Болатханның жүректен туған жыр шумақтарымен түріліп, рухани кештің әуені алғашқы сәттен-ақ өзгеше бір жылылыққа бөленді. Жастарға деген сенім мен үмітті өзек еткен арнау өлең кеш иесінің келбетін айшықтап, кездесудің мәнін тереңдете түсті.
Көпті көрген қазыналы жан Асылы Әлиқызы сөзін алғыспен бастап, жастармен жүздесу үлкен қуаныш екенін ерекше ілтипатпен білдірді. Оның әр сөзі салмақты, әрбір ойы саналы ұрпақтың жүрегіне жетердей әсерлі өрілді. «Мен Мағжан емеспін, бірақ жастарға – сіздерге сенемін» деген бір ауыз сөзі – тұтас бір ұрпаққа артылған үміттің айғағы іспетті. Ашық диалог құрып, еркін әңгімелесуге шақырған қайраткер пікір алмасудың шынайы алаңын қалыптастырды.
Әңгіменің ауаны ұлттық тәрбиеге ойысқанда, спикер отбасы – тәрбие бастауы, ұлт болмысының бесігі екенін тебіреніспен жеткізді. Оның пайымынша, тамыры терең тәрбие алған бала ғана ұлтының жан дүниесін ұғынып, болмысын бойына сіңіре алады. Уақыттың өткіншілігін мысал ете отырып, мәңгілік құндылықтың бірі – ана тілі ешқашан жоғалмауы керегін айтты. Көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл арқылы ұлттың әдебиеті мен мәдениеті, тарихы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынын терең толғады.
Кездесуге келген жастар бейжай қалмай, көкейдегі сұрақтарын қойып, болашақ ұстаз ретінде тәрбие беру жолдары туралы тұшымды жауап алды. Арай Оңғар орындаған халық әні «Балқадиша» жүздесудің көркін кіргізе түсті. Әуезді ән мен әдемі кеш үйлесім тауып, жиналған жұрттың көңілін бір серпілтіп тастады. Шара соңында жас ақындар орталығының ең жас мүшесінің жүрекжарды жыр арнауы кешке ерекше нәзік рең беріп, рухани әсерін одан әрі тереңдетті.
Мазмұны бай, мағынасы кемел кездесулер – қарашаңырақ білім ордасында тәлім мен тәрбиенің қатар өріліп жатқанын айқын көрсетеді. Ұлттың ертеңін ойлаған, саналы ұрпақтың қалыптасуына үлес қосып жүрген тұлғалардың тағылымды ойлары – жас буын үшін бағыт сілтер шамшырақ іспетті.
Қорыта айтқанда, бұл кездесу – жай ғана басқосу емес, рухани жаңғырудың бір көрінісі, ұлттың өзегін сақтар асыл құндылықтарды қайта зерделеген зерделі жиын болды. Жастардың жанарындағы от пен көкейіндегі сұраққа жауап берген осындай тағылымды кештер көбейген сайын, ел ертеңінің еңсесі биік, іргесі берік болары сөзсіз.
«Abai University» медиа орталығы