17 НАУРЫЗ – МӘДЕНИЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР КҮНІ

«Наурызнама» онкүндігі аясындағы бүгінгі – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні бізге қазақ болудың мәні мен мағынасын еске салады. Қазақ үшін салт-дәстүр дегеніміз – құрғақ қағида емес, адам баласының дүние есігін ашқан сәтінен бастап, бақилық сапарға аттанғанға дейінгі әр қадамын қастерлейтін, әр сәтіне мән беретін тіршілік шежіресі. Сондықтан, бұл күн бізге осы бай мұраны жүйелеп, зерделеуге мүмкіндік береді.

Ұлттық болмысымыздың тірегі болған құндылықтарды бірнеше негізгі бағытта сабақтастыра қарастырған абзал. Адам өмірінің әліппесі саналатын отбасылық-тұрмыстық дәстүрден бастайтын болсақ, бұл топқа сәбидің дүние есігін ашқан сәтінен есейгенге дейінгі барлық өмір жолын қамтитын жоралғылар кіреді. «Шілдехана» қуанышы, «Бесікке салу» рәсімі және баланың алғашқы қадамына арналған «Тұсаукесер» – жас ұрпақтың дені сау, жолы ақ болсын деген ниеттен туған. Бұл дәстүрлер баланың отбасындағы орнын айқындап, оны мейірім мен ізгілікке баули отырып, қоғамдық-әлеуметтік байланыстарға ұласады.

Қазақ қоғамының құрылымын реттейтін бұл бағытта үйлену және отау құру әдеп-ғұрыптарының орны ерекше. «Құда түсудің» дипломатиялық қырлары, «Келін түсіру» мен «Беташардың» тәрбиелік мәні, сондай-ақ «Енші беру» арқылы жас отаудың дербестігін мойындау – әлеуметтік жауапкершіліктің биік көрінісі. Бұл жүйе туыстық байланыстарды нығайтып, «Жеті ата» принципі арқылы ұлттың тектілігін сақтауды көздейді.

Ұлттың ішкі мәдениеті мен коммуникациясы моральдық-этикалық дәстүр арқылы көрініс табады. Мұнда қонақжайлылық бірінші орынға шығып, «Қонақасы» беру міндетке, ал қонаққа тоң-теріс мінезбен қабақ шыту әулетке сын болып саналады. Үлкенге жол беру, төр ұсыну, ақсақалдың батасын алу секілді этикет нормалары қоғамдағы өзара сыйластықты қалыптастырып, дала ережелері мен қоғамдық тәртіптің өзегі. Бұл қасиеттер тұрмыстық-экономикалық дәстүрмен тығыз байланысып, өзара көмек пен ұжымдық еңбекке ұласады. «Асар» – ауыр жұмысты жұмыла бітірудің, бірліктің үлгісі болса, жаңа көшіп келген көршіге «Ерулік» беру – материалдық қолдау мен әлеуметтік адаптация жолы. Төрт түліктің басын түгендеу мен соғымбасына шақыру секілді әрекеттер де халықтың берекесін арттырып, бірлігін бекемдеген.

Халықтың наным-сенімі мен дүниетанымын идеологиялық дәстүрден байқай аламыз. Сөз құдіретіне сену, бата беру арқылы жақсылыққа ұмтылу, ырымдар мен тыйымдар арқылы табиғатпен үйлесімде өмір сүру – қазақ болмысының негізі. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп білген бабаларымыз сөз өнерін тәрбиенің басты құралына айналдырған. Сонымен қатар, адамның фәниден бақиға өткен сәтіндегі мәдени-салттық жоралғылар да үлкен мәнге ие. Естірту, көңіл айту, жоқтау және асын беріп еске алу – әрі қайғы бөлісу, әрі ұрпақтар сабақтастығының мызғымас дәнекері.

Түсінген жанға әрбір салт-дәстүрде ұлттық руханиятымыздың алтын діңгегі – Ұлы Даланы тербеген ән-күй мен өлең-жыр бар. Осының бәрі тұтаса келе қазақ халқының өмір сүру мәдениетін айшықтайды. Түйіндесек, қазақ ұлтының бұл ерекшеліктері бір-бірімен әдемі өріле отырып, біртұтас ұлттық дүниетанымды құрайды. 17 наурыз – осы құндылықтарды жаңғыртып, келер ұрпақтың санасына сіңіретін күн. Өйткені, салтын сақтаған халықтың рухы ешқашан сөнбек емес.

«Abai University» медиа орталығы