БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТТЫ

17 наурызда Алматы қаласының №59 мектеп-гимназиясында Абай университетінің «Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» кәсіби бағдар беру іс-шарасы өтті. Бұл – бітіруші түлектердің еңбек нарығына бейімделіп, тәжірибелік дағдыларын арттыруға бағытталған бірегей жоба. Болашақ педагог мамандар жұмыс берушінің сұрақтарына жауап бере отырып, жұмысқа орналасу кезеңдерін түсінеді.
Аталған жоба 2019 жылы бастау алып, оңтүстік астанадағы білім беру ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. 2025–2026 оқу жылы аясында Алматы қаласының Наурызбай, Медеу, Түрксіб аудандарында жоба сәтті жалғасын тапты. Жыл сайын ақпан-сәуір айлары аралығында өтетін іс-шара күні кеше №59 мектеп-гимназия базасында ұйымдастырылды.
Мектеп-гимназияның директоры, Абай университетінің түлегі Асан Торғанбеков қарашаңырақтан түлеп ұшқалы тұрған ізбасарларын жылы қабылдады. Бітіруші түлектерге жұмысқа қабылдау форматына сай кәсіби сұхбаттасудан өткізіп, пайдалы кеңестерімен бөлісті. Мектеп басшысы білім алушылардың кәсіби даярлығы, коммуникациялық қабілеттері және өзін таныстыру мәдениеті бойынша жан-жақты талдау жасады. Бұл тәжірибе болашақ педагогтардың еңбек нарығында сенімді әрі кәсіби деңгейде дамуына мүмкіндік берді.
«Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасы – университет түлектерінің жұмыс берушімен тиімді байланыс орнату, кәсібилігін арттыруға және бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
«Abai University» медиа орталығы