18.03.2026
ҰЛТТЫҚ КИІМ – ЭТНО-СТИЛЬДЕГІ ЗАМАНАУИ ТРЕНД
«Наурызнама» онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім
күні деп белгіленген. Бұл күн – ұлттың болмыс-бітімін ғана емес, мәдени-рухани
талғамын ою-өрнек, әшекей бұйымдар арқылы көрсететін, тарихи құндылығы мен
салт-дәстүрін айшықтайтын күн. Ал Абай университеті үшін әр аптаның сейсенбі
күні «Ұлттық киім күні» деп бекітілген.
Ұлттық киім – «Адам көркі – шүберек» дейтін қазақ
халқы үшін тарихтан терең тамыр тартқан мәдениетінің басты бір бөлшегі.
Түсінген жанға онда тұтас тарих, мәдениет пен салт-дәстүр жатыр. Оюмен ой айта
білген қазақ халқы ұлттық киім мен өзіндік санасын терең байланыстыра білген.
Демек, ұлттық киім – біздің тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасқан дүниетаным
айнасы. Сондықтан да, бұл ұлттық мақтанышқа иелік еткен бай мұрамыз саналады.
Абай университеті де осы құндылықты ескере отырып,
аптаның әр сейсенбісін «Ұлттық киім күні» деп белгілеген. Ол күні ұжым мен
студенттер хал-қадірінше ұлттық реңке боялғандай оюға көмкерілген, талғаммен
безендірілген ұлттық киімдерді киіп, сән-салтанатын арттырып жүреді. Мұны
өзін-өзі танудағы, мәдени кодты сақтаудағы жаңа толқын деп таниды. Дәстүрге
айналған ұлттық киім кию үрдісінің үзілістегі қоңыраудың орнына қойылатын
күймен астасатыны тіпті адам көңіліне ерекше әсер сыйлайтынын айта кетуіміз
керек.
Жасыратына жоқ, ғасырлық мәдениетіміз көрініс тапқан
ұлттық киімдер қазіргі таңда кең қолданыста. Қоғам қыздардың кәмшат бөрігі мен
камзолын талғампаздықтың, ерлердің шапаны мен тақиясын тектіліктің белгісі
ретіне ұстануға көшті. Ал түрлі қазақ оюлары мен заманауи стильдердің үйлесуі –
жастар арасындағы ең жоғары сұранысқа ие бағыт. Бұл ретте брендке айналған
стиль түрлері де жеткілікті. Осы орайда, тұтынушылардың дизайнерлерден оюдағы
ойды сөйлетуді терең меңгерген мамандардың қызмет-кеңесіне сүйене отырып жұмыс
істеуін талап етуі де заңдылық. Бұл ұлттық киімге деген құрметті білдірсе
керек.
Келер ұрпақ мынаны түсінуі қажет. Ұлттық киім кию –
бірегейлік ретінде шетелдік қонақтар мен студенттер арасында біздің
мәдениетімізді танытады. Сонымен қатар, сән тұрғысынан қазіргі
этно-дизайнерлердің ұлттық элементтерді күнделікті киім түрлерімен көптеп
үйлестіруі заманауи трендке айналғаны керек. Өйткені, әрбір оюдың астарындағы
терең мағына ұлттық ділімізбен рухани байланысты артыра түспек.
Ұлттық киімді күнделікті өмірде талғаммен тұтыну –
ұлттық мәдени-тарихи болмысқа құрмет, болашаққа деген дұрыс қадам екені даусыз.
«Abai University» медиа орталығы