18.03.2026
РЕПРОДУКТИВТІ ДЕНСАУЛЫҚ ТУРАЛЫ ДӘРІС ӨТТІ
Абай университетінде студент қыздардың физикалық саулығын нығайту және психологиялық тұрақтылығын арттыру мақсатында «Өзіңді қорға: репродуктивті денсаулық жайлы ашық әңгіме» тақырыбында интерактивті кездесу өтті.
Кездесуге Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығынан арнайы шақырылған гинеколог және психолог мамандар, университеттің психологиялық қолдау қызметі мен студент қыздар қатысты. Шара әйелдер денсаулығы мен психоэмоционалдық тепе-теңдікті сақтаудың өзекті мәселелеріне арналды.
Дәрісте қалалық ұрпақ өрбіту орталығының балалар және жасөспірімдер гинекологы Айнұр Айдарбекқызы репродуктивті денсаулықтың тек физикалық күй емес, болашақ ұрпақтың саулығына тікелей әсер ететін іргелі фактор екенін айтты. Дәріс барысында ол жеке гигиенаның заманауи стандарттары, күнделікті күтім мен ағзадағы физиологиялық өзгерістер кезіндегі сақтық шаралары туралы кәсіби ақпарат берді.
Сондай-ақ гинекологиялық дерттердің алғашқы белгілері, уақытылы медициналық тексеруден өтудің маңызы мен контрацепция түрлері талқыланды. Дәрігер қауіпті инфекциялардың алдын алу үшін сақтану шараларына бейжай қарамау керектігін ескерте келе, АИТВ (ВИЧ) сияқты аурулардың көп жағдайда симптомсыз дамитынын, сондықтан мерзімді диагностиканың өмірлік маңызы бар екенін ерекше атап өтті.
Қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығының психологы Раушан Жетеева «жеке шекара» тақырыбында әңгіме өрбітті. Маман қазіргі қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің маңызын түсіндіре отырып, эмоционалдық қысым мен манипуляцияға қарсы тұру және өз ішкі еркіндігін сақтай білудің тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынды. Студенттермен бірге жүргізілген шағын практикалық жаттығулар арқылы қарым-қатынастағы арақашықтық пен байланыс деңгейлері талданды.
Кездесу соңында мамандар студенттердің көкейінде жүрген, көп жағдайда құпия сақталатын сұрақтарға кәсіби деңгейде жауап берді.
«Abai University» медиа орталығы