18.03.2026
ҚАЗАҚСТАН-ЭСТОНИЯ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
18 наурыз күні Абай университеті Сорбонна-Қазақстан
институтында маңызды халықаралық кездесу өтті. Эстонияның Таллин қаласынан
келген білім беру саласының өкілдері мен қазақстандық мамандар «Инновациялық
оқыту моделі. Қазақстан мен Эстонияның білім беру жүйелері» тақырыбында
дөңгелек үстел аясында тәжірибе алмасты.
Іс-шараға Таллинн қаласы әкімдігі мен орта білім беру
ұйымдарының делегациясы қатысып, білім беру саласындағы заманауи тәсілдер мен
тиімді модельдерді талқылады. Қонақтар алдымен университет мұражайын аралап,
қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрімен танысты.
Басшылық тарапынан жиынды ашқан Академиялық мәселелер
жөніндегі департамент директоры Жанна Жүсіпова халықаралық әріптестіктің білім
сапасын арттырудағы рөлі жөнінде жеткізді. Ал кездесудің ұйымдастырушысы,
Алматы қалалық білім басқармасы ғылыми-әдістемелік орталықтың бөлім басшысы
Роза Ақмағамбетова кездесудің тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беретінін атап
өтті.
Дөңгелек үстел аясында Жанна Жүсіпова «Қазақстан
Республикасында педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасы» тақырыбында
баяндама жасап, саланың стратегиялық бағыттарын кеңінен таныстырды. Ол
педагогикалық білім беруді жаңғыртуда еңбек нарығына бейімделген кадр даярлау,
мұғалімдердің кәсіби және цифрлық құзыреттерін дамыту, инклюзивті және
зерттеуге бағытталған білім беру жүйесін қалыптастыру мәселелеріне ерекше
тоқталды. Одан кейін баяндама жасаған Білім беру бағдарламаларын талдау
департаментінің директоры Нұржамал Ошанова елімізде жүргізіліп жатқан жасанды
интеллект бағытындағы жүйелі жұмыстар туралы сөз етті. Оның айтуынша,
Қазақстанда 2025 жылдың соңына дейін 650 мың оқушыны қамтитын ауқымды білім
беру бағдарламалары іске асырылған. Қазіргі таңда 1707 студент жасанды
интеллект агенттерін әзірлеуге қатысып жатыр. «AI-SANA» жобасы технологиялық
серпіліс алаңы ретінде ұсынылып, бірнеше кезеңнен тұратын кешенді жүйе
қалыптасқан.
Абай университеті базасында да осындай іргелі істер
үздіксіз қолға алынған. 2024-2025 оқу жылынан бастап барлық білім беру
бағдарламаларына «Жасанды интеллект негіздері» пәні енгізілді. Мұғалімдерге
арналған біліктілікті арттыру курстары әзірленіп, «Coursera» платформасында
қазақ тіліндегі арнайы курс іске қосылған. Сонымен қатар ЖИ саласында ғылыми
зерттеулер кеңейтіліп, бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Ал Таллинн қаласы әкімінің орынбасары, білім
департаментінің жетекшісі Андрей Канте өз сөзінде мектептегі білім беру
жүйесінің практикалық қырларына тоқталып, Эстониядағы цифрландыру, оқушыға
бағытталған оқыту және тиімді басқару тәжірибесі жөнінде ой бөлісті. Ол екі ел
арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар инновациялық
оқыту әдістері, цифрлық технологияларды енгізу, педагогтардың кәсіби дамуы мен
білім сапасын арттыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Екі елдің тәжірибесін
салыстыра отырып, ортақ жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
«Abai University» медиа орталығы