19.03.2026
ЖАҢАРУ КҮНІ – ТАБИҒАТПЕН БІРГЕ ТҮЛЕГЕН ТІРШІЛІК
Көктемнің алғашқы лебі ескенде табиғат қайта түлеп, жер жүзі жаңа тыныс алады. Қазақ халқы үшін бұл мезгіл – жаңару мен жаңғырудың, қайта жанданудың символы. Наурызнама бойынша бүгінгі 19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күн адам мен табиғат арасындағы терең үйлесімді, экологиялық жауапкершілікті еске салатын ерекше күн.
Ата-бабаларымыз көктем келісімен айналаны тазартып, бұлақ көздерін ашып, тал-терек отырғызуды парыз санады. «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөздер табиғатқа деген құрмет пен келешек ұрпаққа қалатын мұра туралы айғақ. Аталған дәстүр бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ – керісінше, мемлекеттік деңгейде қолдау тауып отыр.
Қазақстанда Жаңару күні жаппай ағаш отырғызу акцияларымен атап өтіледі. Бұл – елдің жасыл дамуын қамтамасыз етіп, экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы идеяны кеңінен насихаттайды: айналаны таза ұстау, жасыл аймақтарды көбейту – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Абай университетінде бұл дәстүр жыл сайын жанданып келеді. Университет ұжымы Жаңару күні қарсаңында дәстүрлі түрде көгалдандыру шараларын ұйымдастырады. Оқу корпустары мен жатақханалардың толық аумағы 90 мың шаршы метрді құрайды. Осы аумақта әкімшілік қызметкерлер, профессорлар мен студенттер бірлесіп ағаш көшеттерін отырғызып, аумақты жасыл желекке бөлеумен қатар, жастардың экологиялық санасын қалыптастыруға үлес қосады.
Университеттің Агробиостанциясы – студенттердің теориялық білімін тәжірибеде шыңдайтын маңызды база. 40 га аумақты қамтитын агробиостанция ашылған кезде жүзге жуық ағаш отырғызылып, оның ғылыми әлеуеті көрсетілген болатын. Содан бері жыл сайын көктемде жаңа көшеттер егіліп, университет аумағы жасылдану үстінде. Сонымен қатар, университет студенттері жыл сайын «Іле Алатау» ұлттық паркінің ағаш отырғызу акцияларына қатысып тұрады. Бұл шаралар табиғатты қорғау идеясын насихаттаумен қатар, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатпен тікелей байланыс орнатуға септігін тигізеді.
Бұл уақ жердің ғана емес, адам көңілінің де жасаратын, жаңаратын шағы. Бүгін отырғызылған әр көшет – ертеңгі саялы бақ, келешек ұрпаққа қалатын мұра, табиғат пен қоғамның бірлескен түлеуінің белгісі.
Жаңару күні – бұл тек табиғаттың жаңғыруы ғана емес, әрқайсымыздың ішкі жаңаруымыз, экологиялық жауапкершілігімізді арттырудың да уақыты. Әрбір отырғызылған тал – болашаққа деген үміт, қоршаған деген қамқорлықтың нақты көрінісі.
«Abai University» медиа орталығы