ҰЛТТЫҚ СПОРТ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ АЙНАСЫ

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Қазақ халқының ұлттық спорт ойындары – ұлттың тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Көшпелі өмір салтымен бірге қалыптасқан бұл ойындар халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, ұрпақ тәрбиесінің маңызды құралына айналған. Батылдық пен ептілікке, төзімділік пен тапқырлыққа баулыған ұлттық спорт түрлері ғасырлар бойы ел жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Қазақтың әр спорттық ойыны – жай ғана көңіл көтеру емес, терең мағына мен тәрбиеге толы дәстүр. Мәселен, қазақ күресі – күш пен қайраттың ғана емес, намыс пен ерліктің символы. Күресте палуанның дене қуатымен қатар жігер-рухы сыналады. Ал тоғызқұмалақ – қазақ халқының ақыл-ой мәдениетін көрсететін ерекше ойын. Оны кейде «дала шахматы» деп те атайды. Тоғызұмалақ адамды есепке, сабырға, стратегиялық ойлауға үйретеді.

Ұлттық спорттың ішінде Ат спортының түрлері ерекше орын алады. Мәселен, көкпар ойынын алар болсақ, ауыздығын шайнаған ат үстінде серкені тартып, командамен ойнайтын бұл ойын батылдықты, ұйымшылдықты және жылдам шешім қабылдауды талап етеді. Сол сияқты бәйге – жылқы мәдениетімен біте қайнасқан қазақ өмірінің бір көрінісі. Жүйрік ат пен шабандоздың төзімділігі сыналатын бұл жарыстан бөлек, «аударыспақ», «теңге ілу» секілді ұлттық ат спортының түрлері де бар.

Асық ату – қазақ баласының балалық шағымен бірге жасасып келе жатқан ұлттық ойындардың бірі. Қарапайым көрінгенімен, бұл ойын мергендікке, дәлдікке үйретеді. 2021 жылдан бастап асық спортынан халықаралық дәрежедегі атақтар да беріле бастады. Бұл ұлттық ойынның жүйелі түрде дамып, халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын айғақтайды. Халық арасында «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген мақал бар. Кейде бұл сөзді асық ойнауды шектеу ретінде түсінетіндер де кездеседі. Алайда мақалдың астарында терең мағына жатыр. Қазақ баласы ойынға беріліп кетпей, еңбекті де ұмытпау керек деген тәрбиелік ой айтқан. Яғни, ойын – тәрбие мен шынығудың құралы болғанымен, адам өмірінің негізгі мақсаты еңбек пен жауапкершілік екенін ескерткен.

Бүгінде елімізде түрлі ұлттық спорт түрлері жаңа деңгейде дамып келеді. Түрлі жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық ойындарға деген қызығушылық артып отыр. Бұл – халықтың өз тамырына қайта оралып, ұлттық құндылықтарды жаңғырта бастағанының белгісі.

Ұлттық спорттың дамуына жоғары оқу орындары да жан-жақты үлес қосып жатқанын айту кету керек. Соның ішінде Абай университетінде ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Университет студенттері қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, түрлі чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл жетістіктер оқу орнында ұлттық спортты дамытуға жүйелі түрде мән беріліп отырғанының дәлелі.

Ұлттық спорт – жай ғана ойын емес. Ол – халықтың дүниетанымы, тәрбие мектебі, рухани мұрасы. Әр ойынның астарында өмір сабағы, ұлттық болмыс пен мінез жатыр. Сол себепті ұлттық спорт түрлерін дамыту – ұлт мәдениетін сақтаудың маңызды жолдарының бірі.

Мемлекет «Наурызнама» онкүндігінде 20 наурызды «Ұлттық спорт күні» белгілеуі де бекер емес. Өйткені ұлттық спорт ұлықталған сайын, ұлт рухы да биіктей түседі.

«Abai University» медиа орталығы