13.04.2025
Семейде Абай атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылды
Абай ілімі мен оның «Толық адам» концепциясын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді, деп хабарлайды Vecher.kz.
2024 жылдың 19 қарашасында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бастамасымен Семей қаласында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығының базасында Абай атындағы ғылыми-мәдени орталықтың ашылу салтанаты өтті.
Шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Абай ауданы әкімдігінің және зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының басшылары мен жетекші ғалымдары, еліміздің белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.
Бұл орталықты ашудағы мақсат – Абай университеті, Жидебай-Бөрілі қорық-музейі және «Абайтану академиясы» ғылыми-зерттеу институты арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бұл шетелдік Абай орталықтарымен ынтымақтастықты кеңейтіп, Қазақстанның ұлы ойшылының мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттаудың инновациялық тәсілдерін енгізу алаңына айналмақ. Абай ілімі мен оның «Толық адам» концепциясын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан насихаттауға, шығармалары арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінген.
Орталық жаһандану жағдайында ерекше маңызды болып табылатын оқу-ағарту, ғылыми және мәдени жұмыстар үшін заманауи мұражайдың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған. Бұл келушілерді тартудың жаңа әдістерін іздеуге, өлкетану бағыты бар мәдени туризмді дамытуға, мұражай мен университет арасындағы ғылыми өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етеді.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Абай мұрасын зерделеу, сақтау және насихаттаудың негізгі алаңы ретінде орталық құрудың маңыздылығы атап өтілген құттықтау хаты оқылды.
Ректор Болат Тілеп Абай орталығының ашылуының маңыздылығын айта келе, ұлы ойшылдың мұрасын ұлттық деңгейде де, халықаралық деңгейде де кеңінен насихаттауға бағытталған негізгі бастамаларға кеңінен тоқталды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшыл, еліміздің ұлттық руханиятының символы Абайдың шығармашылығын кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөледі.Оның «Толық адам» тағылымы жастар тәрбиесінде маңызды бағдар болып табылады.Оның мұрасын насихаттау және сақтау – мәдениет, білім және өнер мекемелерінің біз үшін абыройлы міндеті. Ұлы Абай өмір сүріп, қызмет еткен киелі өлке, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі базасында осы абыройлы миссияны жүзеге асыратын ғылыми-мәдени орталық ашу», - деді Абай университетінің ректоры.
Осы шара аясында Абай атындағы университеттің абайтанушылары Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы университет ұжымымен кездесулер өткізді. Студенттерге Абайдың философиясы, шығармашылығы, тағылымына арналған ашық дәрістер ұйымдастырылды.
20.11.2024 ж
Дереккөз: vecher.kz