22.03.2026
22 НАУРЫЗ – ЖЫЛ БАСЫ
Бүгін 22 наурыз – «Наурызнама»
онкүндігіне сәйкес жыл басы. Парсы тілінен аударғанда «Наурыз» сөзі – жаңа күн
деген мағынаны білдіретіні белгілі. Шығыс халықтарының күнтізбесінде қыстың
аяқталып, табиғаттың түлеп, көктемнің басталуы – Жаңа жылға қадам басуды
білдірген. Соған сәйкес, елімізде қабылданған «Наурызнама» бағдарламасында 22
наурыз «Жыл басы» болып белгіленген.
Наурыз – қазақ халқының ең көне
әрі қастерлі мерекесі. Оның тарихи тамыры сонау Ассирия мен Вавилон елдерінен
ежелгі күнтізбесінен басталады. Айдың қозғалысы мен табиғат құбылыстарына
байланысты халдейлер (Вавилон халқы) уақыттың өлшемін жасаған. Олар табиғаттың
гүлденіп, тіршіліктің жаңа кезеңі бас талуын «Жаңа жыл» деп қабылдаған.
Кейінірек, біздің заманымызға дейінгі 558 жылы ежелгі парсылар халдейлер жерін
жаулап алған соң, солардың күнтізбесін қолданып бастайды. Соған сәйкес, «жаңа
күн» ұғымы парсы тіліне аударылып, «ноу» – жаңа, «руз» – күн деген атау пайда
болады.
Адамзаттың өмір салты табиғатпен
тығыз байланысты болғандықтан көктемгі жаңару кезеңі ерекше маңызға ие. Бұл
тұрғыдан алғанда, Наурыз мейрамы – тек қазаққа ғана емес, өзге де халықтарға
ортақ көне мереке. Мәселен, ежелгі гректер оны «Патрих», тәжіктер «Гүлнаурыз»
десе, татарлар «Наусарыз», армян халқы «Навасарди», ал чуваштар «Норис ояхе»
деп атаған. Бұл деректер көптеген халықтар үшін жаңа жылдың наурыз айында
басталғанын көрсетеді.
Наурыз – тек көктемнің келуін
білдіретін табиғи құбылыс емес, сондай-ақ халықтың дүниетанымы, салт-дәстүрі
және тарихи жадын сақтауға бағытталған мәдени құбылыс. Сондықтан қазақ халқының
таным-түсінігінде «Ұлыстың ұлы күні» деп аталған. Бұл күні – адамдар бір-біріне
ақ тілектерін ақтарып, ренжіскен жандар татуласып, қариялар жастарға батасын
беріп, ақ дастархан жайылған. «Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын!» деп
тілеуін тілеген. Халық арасында «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш»
деген тәмсіл бар. Яғни, кешірім беріп, кеңпейіл болуға, мейірімділік көрсетіп,
бірлікте болуға шақырған. Осындай игілікті дәстүрлер Наурыз мейрамының қоғамда
маңызын арттырып, ұлттық мерекеге айналдырған.
Дегенмен, тарихтың қатпарында бұл
мейрамды қазақ халқы атап өтпей қалған кезеңдері болған. Осыдан дәл жүз жыл
бұрын, 1926 жылы Кеңес өкіметі Наурыз мерекесін атап өтуге ресми түрде тыйым
салды. «Діни мейрам», «Ескіліктің сарқыншағы» деген жалған айыптар тағылды.
Содан 1988 жылы ұлттық мереке қазақ топырағында қайта жанданып, алпыс екі
жылдан соң аталып өтті. Сол кездегі ел астанасы Алматы қаласының Калинин
ауданында (қазіргі Бостандық) Наурыз мерекесі ресми түрде тойланды. Тиісінше,
жыл сайын дәстүрлі түрде сабақтасып, 1991 жылы елімізде халықтық мереке деп
жарияланды.
Араға он жыл салып, президент
2001 жылы мемлекеттік мейрам деген жарлыққа қол қойса, 2009 жылдан бастап 21,
22 және 23 наурыз күндері қатарынан үш күн аталып өте бастады. Қазіргі таңда
еліміз бойынша өткізілетін «Наурызнама» онкүндігі 2024 жылы Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілді. Бұл – Наурыз мейрамын тек бір
күндік мереке емес, адамдардың жүздесіп, игі істерге бастау болып, татулық пен
келісімді нығайтатын кезең ретінде қарастырылды.
Содан бері жыл сайын Абай
университетінде «Наурызнама» онкүндігіне сай түрлі іс-шаралар мен жәрмеңкелер,
кездесу мен ұлттық ойындар жарысы тұрақты ұйымдастырылып келеді. Амал
мерекесінен бастау алатын онкүндік аясында студенттер мен қызметкерлер бір-біріне
ізгі ниетін білдіріп, қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізіп, ұлттық салт-дәстүрлер
дәріптелді. Білім алушыларға отбасы құндылықтары жете түсіндіріліп, жаңа
бастамаларға қолдау білдіріп, ұлттық спортты дамытуға баса назар аударылады.
Экологиялық акциялар ұйымдастырылып, Жер-Ананың тазалығы мен қауіпсіздігіне
бағытталған жобалар жүзеге асырылады.
Өткен жұма күні Жыл басы Әз-Наурыз
мейрамы Абай университетінде кең көлемде аталып өтіп, ұлттық рухты ұлықтаған
мереке боп тойланды. Халқымыздың салт-дәстүрлері айшықталып, ондаған күйіз үй
тігіліп, мейрамның басты дәмі «Наурыз көже» дайындалды. Бұл айтулы дата –
өткенге құрметпен қарап, болашаққа бағдарлы қадам жасайтын күн. Жаңа күнге
қадам басып, университет жаңа жылға жоспарлы жұмыстарын жалғастыра бермек.
«Abai University»
медиа орталығы