ЫНТЫМАҚ КҮНІ – БІРЛІК ПЕН ДОСТЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

Наурыз айы – тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адам жанының жаңарып, қоғамның татулығы мен сыйластығы арта түсетін кезі. «Наурызнама» онкүндігі бойынша бүгін – Ынтымақ күні. Қазақ халқы ежелден-ақ ынтымақ мен бірлікті ту еткен. «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік болмай тірлік болмас», «Кеңесіп пішкен тон келте болмас», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақал-мәтелдер соның айқын дәлелі.
Ынтымақ күні – еліміздегі түрлі ұлт пен мәдениеттің ортақ құндылықтары көрініс табатын, бірлік пен келісімді айшықтайтын айрықша мереке. Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде бұл құндылықтарды күнделікті өмірде де дәріптеп келеді. Бірлесіп күн кешіп, білім алып, еңбек етіп жүрген жандарды көптеп кездестіруге болады. Соның жарқын мысалы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Елдегі іргелі жоғары оқу орнында Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, шетелден келген студенттер де білім алып жатыр.
Бүгінде университетте Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан, Моңғолия, Украина, Иордания, Ауғанстан, Иран, Ирак және Тәжікстаннан келген жастар оқиды. Сондай-ақ АҚШ, Украина, Франция және Корея Республикасынан келген білім алушылар да бар. Әртүрлі мәдениет пен тілдің тоғысуы университет өмірін одан әрі байыта түскен. Студенттер оқу аудиторияларында ғана емес, күнделікті өмірде бір-бірінің мәдениетін танып, жаңа дәстүрлермен жақын танысуға мүмкіндік алады.
Мәселен, Түрікменстаннан келген студенттер қазақтың қонақжайлығын ерекше атап өтіп, қазақтың салт-дәстүрлері таңсық емес, керісінше түркі халықтарына ортақ құндылықтарды еске салатынын айтады.
– Мен Абай университетіне оқуға келгелі 6 айға жуықтады. Осы уақыт аралығында қазақтың тілі, салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары мен табиғаты ерекше аймақтарымен танысып үлгердім. Мұнда адамдар өте кішіпейіл, тату-тәтті, қыздарды аса жоғары құрметтейтіні ұнады. Біздің елімізде де Наурыз мейрамы ерекше тойланады. Наурыз – жаңару, кешірім мен татулықтың мерекесі. Ал Ынтымақ пен бірлік күні 18 мамырда атап өтіледі, – дейді Түрікменстаннан келген студент Гүлжахан Бердімұрадова.
Бүгінде Абай университетінде 2043 шетелдік студент білім алады. Олардың ішінде Түрікменстаннан келген білім алушылардың саны (1269) басым. Қытай (426) мен Өзбекстан (144) студенттер саны бойынша алғашқы үштікке кіреді.
Шетелдік студенттер үшін Қазақстандағы білім беру жүйесі олардың тек кәсіби білім алуына ғана емес, мәдени тұрғыдан да дамуына ықпал етеді. Университеттегі достық қарым-қатынас түрлі елден келген жастардың бір-бірімен емен-жарқын араласуына мүмкіндік беріп отыр.
Сондықтан, қара шаңырақтағы білім алушылар үшін бұл мерекенің мән-маңызы терең. Өйткені бұл – адамдар арасындағы түсіністік пен достықтың маңызын еске салатын символдық сәт. Бір оқу ордасында білім алып жүрген түрлі ұлт өкілдерінің ортақ мақсат жолында бірігуі – нағыз ынтымақтың үлгісі.
Ынтымақ – бір күн ғана тойлайтын мереке емес. Ол – күнделікті өмірде көрініс табатын құндылық. Ал аудиторияда қатар отырған түрлі ұлт өкілдері бұл құндылықтың бағалы әрі маңызды екенін жақсы біледі. Абай университеті алдағы уақытта шетелдік жастарды елімізге тарту арқылы, білім беру туризмін дамыта бермек.
«Abai University» медиа орталығы