“СПАРТАКИАДА-2026” ОЙЫНДАРЫ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде оқытушы-профессорлар мен әкімшілік қызметкерлері арасында  «Спартакиада – 2026» спорттық ойындары өтіп, ұжымдағы сайдың тасындай өзара мықтылар анықталды. Тартысты өткен спорттық бәсеке ұжымдағы бірлікті нығайту мақсатында жүзеге асырылды.

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған аталмыш  шараның басты мақсаты – бір шаңырақ астында еңбек етіп жатқан әріптестер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және әділ бәсекелестікті дамыту. Сонымен қатар, ұжымдық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп қатысушыларға сәттілік тілеп, денсаулық пен еңбек құндылықтарының ерекшелігіне тоқталып, спорттың ұжымдық рухты нығайтатын құрал екенін атап өтті.

Спорт кешенінде болған дәстүрлі спартакиада арқан тартыс, волейбол, шахмат және үстел теннисі сияқты спорт түрлерін қамтыды. 
Жарыс нәтижесінде, Арқан тартыстан бірінші орынды Жаратылыстану және география факультеті иеленіп, одан кейінгі орындарды Ректорат пен Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті бөлісті. Шахмат сайысында Ректорат командасы үздік шығып,II орынды Сорбонна-Қазақстан институты, III орынды Тарих және құқық факультеті иеленді.

Үстел теннисі бойынша I орынды Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті, II орынды Ректорат, III орынды Филология факультеті алды. Аса қызықты өткен Волейбол ойынына келер болсақ, I орын – Тарих және құқық факультетіне, II орын – Ректорат командасына, III орын – Жаратылыстану және география факультетіне бұйырды.

Ал жалпы командалық есеп бойынша ауыспалы кубокты Ректорат құрамасы ұтып алып, бірінші орынды иеленді. Тартысты өткен спартакиадада екінші орынды Жаратылыстану және география факультеті мен Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті иеленсе, үшінші орынға Тарих және құқық факультеті лайық деп танылды.
Сондай-ақ, «Үздік талпыныс» номинациясымен – Математика, физика және информатика факультеті, «Белсенді қатысушы» номинацияларымен – Филология факультеті, Сорбонна-Қазақстан институты, Әлем тілдері және  Өнер факультеттері марапатталды. «Ең үздік төреші» номинациясы – Аделина Сулейменоваға берілді.
Спартакиада қортындысында барлық қатысушыларға университет БасқармаТөрағасы-Ректоры атынан Алғыс хат пен арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

"Abai University" медиа орталығы