АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ АҒА БУЫНҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК СЫЙЛАДЫ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті егде жастағы азаматтарға білім беру мүмкіндіктерін кеңейту бағытында маңызды бастама көтерді. 2025 жылғы 23 қазанда университет пен Алматы қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен «Күміс университеті» жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойған еді. Бұл құжат аға буын өкілдерін біліммен қолдау, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және қоғаммен байланысын нығайту жолындағы серіктестікті бекітті.
«Күміс университеті» – әлемнің көптеген елінде табысты жүзеге асқан, егде жастағы азаматтарға арналған халықаралық жоба. ҚазҰПУ-дың 2025 жылы «Қазақстандық Күміс университеттер қауымдастығына» мүше болуы осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтерді. Жобаның негізгі мақсаты – 55 жастан асқан азаматтарға жаңаша білім беру, олардың шығармашылық және әлеуметтік әлеуетін дамыту, белсенді өмір салтын қолдау. Жоба аясында факультеттер мен кафедралар бірігіп, арнайы курстар, шеберлік сабақтары мен танымдық дәрістер ұйымдастырып келеді.
Бастама университеттің «Education Management School» орталығының жетекшілігімен, оқытушы-профессорлар құрамының қолдауымен іске қосылды. Аталмыш жоба қоғамдағы қартаю үдерісін кешеуілдетіп, егде жастағы азаматтардың білімге қызығушылығын арттыруға және олардың белсенділігін күшейту қажеттілігінен туындап отыр. Жоба қатысушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың қоғамдық, мәдени және цифрлық ортада белсенді болуына жол ашты.
Қазіргі таңда жоба аясында бірнеше білім беру курсы ұйымдастырылып, сәтті жалғасын тапты. Алғашқы курстың бірі «Информатика және білімді ақпараттандыру» кафедрасының бастамасымен қараша-желтоқсан айларында өтті. Сабақ барысында тыңдаушылар цифрлық технологияларды күнделікті өмірде қолдану жолдарымен танысты. Мобильді қосымшалардың түрлері, олардың құрылымы мен қызметі, смартфон экожүйесінің ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар тақырыптық дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өтті. Қатысушыларға смартфон мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын үйретіліпіп, курс соңында арнайы сертификаттар табысталды.
Жоба аясындағы жалғасын тапқан кезекті курс биология кафедрасының бастамасымен жүзеге асырылды. «Бөлме өсімдіктеріне күтім жасау және дизайн элементтері» тақырыбындағы сабақтарға 60 жастан асқан тыңдаушылар қатысты. Желтоқсан айында өткен 8 сағаттық курс барысында олар өсімдіктерді күтіп-баптаудың негізгі қағидаларымен танысып, оларды интерьерде үйлесімді орналастыру тәсілдерін білді.
Ал, қазіргі уақытта жоба аясында ағылшын тілі курсы өтіп жатыр. Оған 30 тыңдаушы қатысып жатыр. Курс сәуір айына дейін жалғасады. Тыңдаушылар деңгейіне қарай бастауыш және жалғастырушы топтарға бөлінді. Сабақтар кезең-кезеңімен ұйымдастырылып, тілдік дағдыларды дамытуға негізделген.
Алдағы уақытта университет жобаның ауқымын кеңейтіп, мазмұнын байытуды жоспарлап отыр. Бағдарламалар тек зияткерлік дамумен шектелмей, тыңдаушылардың физикалық және эмоционалдық жағдайына да көңіл бөледі. Мысалы, сәуір айынан бастап дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті арнайы сауықтыру-дамыту курстарын бастайды. Бұл сабақтар аға буын өкілдерінің дене белсенділігін арттыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталады. Бұл курс азаматтардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға, сергектік пен белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
«Abai University» медиа орталығы