06.03.2026
СТУДЕНТТЕРДІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ
Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалициясы атынан университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп пен Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиев студенттермен кездесті. Кездесудің мақсаты – жастарды алдағы аптада өтетін жалпыұлттық референдумға белсенді қатысуға шақыру.
Кездесуде Алматы қалалық жалпыұлттық коалиция төрағасының орынбасары Болат Тілеп «Қазақстанның болашақ даму бағыты білім мен ғылымға негізделуі тиіс екенін» баса айтты. Оның пікірінше, еліміз үшін шикізаттық модельден зияткерлік экономикаға көшу – уақыт талабы. Сондықтан да ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновация салаларын дамытуға басымдық берілген.
– Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыз мүлдем басқа заманда, басқа саяси және экономикалық жағдайда қабылданған еді. Ол өз уақытында мемлекетіміздің іргетасын бекітіп, аяғымыздан тік тұруымызға негіз болды. Алайда бүгінгі заман талабы мен қоғамдық сұраныс Конституцияның жаңаруын қажет етіп тұр. Бұл реформалар – тек сіздердің ғана емес, болашақ ұрпақтың да тағдырына тікелей әсер ететін тарихи қадам, – деген Болат Анапияұлы алдағы саяси науқанды ел тарихындағы маңызды белес ретінде бағалады.
Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әміржан Набиев өз кезегінде Ата Заңның жаңа редакциясы мемлекеттің құқықтық негізін заман талабына бейімдеп, қоғам мен үкімет арасындағы сенім институттарын нығайтады деген ойын жеткізді.
– Конституцияның идеологиялық өзегінде адам құқықтарын қорғау және азаматтардың қауіпсіздігі жатыр. Бұл – халықтың мүддесіне бағытталған құжаттың басты құндылықтары. Сонымен қатар, адам капиталын дамыту, білім, ғылым мен инновация және зияткерлік әлеуетті арттыру ұлттық дамудың стратегиялық басымдықтары ретінде бекітілген, – деді ол.
Жиын барысында коалиция мүшелері студенттерді жаңа Конституция жобасымен мұқият танысып шығуға үндеді. Олар жастарды мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын маңызды тарихи сәтте бірлік танытып, жалпыұлттық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Abai University» медиа орталығы