05.03.2026
БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТУДЕ
Қазіргі уақытта университеттің
педагогикалық бағыттағы 4-курс білім алушылары өндірістік іс-тәжірибеден өтіп
жатыр. Студенттер Алматы қаласы бойынша білім беру ошақтарында тәжірибе жинап,
болашақ педагог ретінде біліктілігін арттыруда. Солардың бірі Нұрай Ысқақ №178
мамандандырылған мектеп-лицейде ашық сабақ өткізіп, өзінің кәсіби дайындық
деңгейін көрсетті. Ашық сабаққа университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат
Тілеп арнайы қатысып, болашақ педагогтің жұмысымен танысты.
Болашақ мұғалімдердің білікті
маман болып қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірі – мектеп қабырғасындағы өндірістік
тәжірибе. Бұл кезең студенттің теориялық білімін бекітіп қана қоймай, оның
педагогикалық шеберлігін, сыныппен жұмыс істеу қабілетін және оқушылармен
тиімді коммуникация орната алу дағдыларын жетілдіреді.
Бүгінгі ашық сабақ 6 сынып
оқушыларына «Жануарлардың қозғалу және тірек-қимыл мүшелерінің ерекшеліктері»
тақырыбында өрбіді. Сабақ барысында
болашақ педагог оқу процесін жүйелі ұйымдастырып, өз пәнін терең меңгергенін
және педагогикалық әдістемені тиімді қолдана алатынын көрсетті. Сабақта
заманауи білім беру технологиялары кеңінен қолданылып, VR көзілдірігі мен
микроскоптар пайдалану арқылы оқушыларға оқу материалы көрнекі әрі қызықты
форматта ұсынылды. Интерактивті тәсілдер оқушылардың пәнге деген қызығушылығын
арттырып, олардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Ашық сабақ барысында білім
алушылар мұғалімнің әдістемесіне тез бейімделіп, сабақ барысында ойларын еркін
айтып, талқылауларға белсенді қатысты. Бұл болашақ педагогтің сыныппен тиімді
жұмыс істей алатынын және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыра алғанын
көрсетті. 45 минутқа жоспарланған сабақ құрылымы толық сақталып, оқыту кезеңдері
тиімді жүзеге асырылды. Сабақтың соңында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры
Болат Тілеп болашақ мұғалімнің жұмысына оң бағасын берді.
– Мұғалімнің кәсіби шеберлігі
мектеп қабырғасында шыңдалады. Бүгінгі сабақта Нұрай Ерболқызы өзін сенімді
ұстап, тақырыпты жүйелі әрі түсінікті жеткізді. Ең бастысы – оқушылардың
қызығушылығын оятып, оларды жан-жақты тереңнен ойлануға үйрете алатынын
көрсетті. Жас маман үшін бұл өте жақсы көрсеткіш, – деді ректор.
Айта кетейік, биыл университеттің 2215 студенті мектептерде өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Олар Алматы қаласында орналасқан 110 білім беру ұйымына бөлінген. Соның ішінде №178 мамандандырылған мектеп-лицейінде 23 бітіруші түлек тәжірибе жинап, біліктілігін арттыру үстінде. Олар осындай ашық сабақ өткізіп, кәсіби шеберлігін қалыптастыруға мүмкіндік алады.
«Abai University»
медиа орталығы