АКАДЕМИК МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВ ІІ ДӘРЕЖЕЛІ «БАРЫС» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының  жетекшісі Мәмбет Қойгелдиев ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды табыстап, ел Президентінің құттықтауын жеткізді.

5 наурыз – ұлт тарихындағы айтулы тұлғалардың туған күні. Оның ішінде ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойымен белгілі ғалым, алаштанушы академик Мәмбет Құлжабайұлының 80 жас мерейтойы тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградтау туралы жарлыққа қол қойып, құттықтау хат жолдады.

«Халқымыз өзіңізді ұлағатты ұстаз, тарихшы ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Сіз жарты ғасырдан астам уақыт бойы отандық ғылымның өркен жаюына күш-қайратыңызды жұмсап келесіз. Еліміздің беделді оқу орындарында қажырлы еңбек етіп, бірнеше толқын дарынды шәкірттерді тәрбиелеп шығардыңыз» деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтауында.

Әкімдіктегі құттықтаудан кейін академик ғалымды Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп қабылдап, мемлекеттік марапатымен құттықтады, ізгі тілегін білдірді. Ұзақ жылдар бойы қарашаңырақ қабырғасында дәріс беріп, бірнеше буын тарихшыларды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз екенін алға тартты. Шәкірттерді ізденімпаздық пен табандылыққа, отансүйгіштікке баулып, кәсіби зерттеушілерді даярлауға еңбек сіңіргеніне ризашылығын білдірді.

– Сіз Қазақстан тарихы ғылымының дамуына, тарихнамалық бағыттардың жаңаруына және тарихи үдерістердің жаңа ғылыми тұрғыдан пайымдалуына зор үлес қосқан айтулы тұлғасыз. Жетекшілігіңізбен ұлт тарихына ұшан-теңіз үлес қосқан ғалымдардың үлкен буынын қалыптастырдыңыз. Олар сіз негізін қалаған ғылыми бағыттарды одан әрі дамыта береді деп ойлаймын, – деді Болат Анапияұлы.

Айта кетейік, Мәмбет Құлжабайұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының  жетекшісі. Қазіргі таңда, орталық бастамасымен тарихи деректер мен архивтік мәліметтер негізінде Қазақстан тарихының ХІХ-ХХ ғасырлар кезеңі зерттеліп, бірнеше монография жарық көрді. Академиктің жас ғалымдар буынын тәрбиелеп, деректі тарихи зерттеу жұмыстарымен табысты айналысудағы еңбегі өлшеусіз.

 

«Abai University» медиа орталығы