«Жоғары білім берудегі инклюзивті білім беру: әлемдік және қазақстандық тәжірибе» тақырыбында вебинар өтті

«Жоғары білім берудегі инклюзивті білім беру: әлемдік және қазақстандық тәжірибе» тақырыбында вебинар өтті

2026 жылғы 26 ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі (РОӘК) «Арнайы педагогика» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігі ұйымдастырған «Жоғары білім берудегі инклюзивті білім беру: әлемдік және Қазақстандық тәжірибе» тақырыбында вебинар өтті. Іс-шара аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізілді.

Вебинарға «Арнайы педагогика» даярлау бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестік құрамындағы жоғары оқу орындарының өкілдері, университеттердің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Іс-шараның модераторлары: Ақбота Аутаева – жобалық команда жетекшісі, психология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры; Зейнеп Бекбаева – жобалық команда мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессор м.а.

Вебинар жұмысын РОӘК Ғалым хатшысы Жанна Жусупова ашып, қатысушыларды құттықтады. Сонымен қатар университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беруді дамыту бағыттары туралы баяндама жасады.

Вебинар барысында жоғары білім беру жүйесінде инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері, халықаралық тәжірибе мен заманауи үрдістер, инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық негіздері, педагог кадрларды даярлау, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау мәселелері талқыланды.

Баяндамашылар қатарында Абай атындағы ҚазҰПУ, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Есенов университеті және практик мамандар болды.

Іс-шара арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми-педагогикалық қауымдастық арасындағы кәсіби диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға және жоғары білім беру жүйесінде инклюзивті білім беруді жетілдіруге бағытталған маңызды кәсіби алаң болды.

Артқа қайту