04.03.2026
ӘДЕБИ-САЗДЫ ЛИРИКАЛЫҚ КЕШ ӨТТІ
Бүгін Абай университеті қабырғасында
Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығының бастамасымен көктем
лебіндей нәзік әрі сыршыл әдеби кеш өтті. Университеттің рухани өміріндегі
тағылымды басқосулардың қатарындағы бұл жиын поэзияға құштар студенттер мен жас
қаламгерлердің басын қосты. Кештің басты қонағы – республикалық жыр
мүшәйраларының жүлдегері, халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, ақын
Роза Сейілхан.
Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік
үні, нәзік лирикасы мен терең ойлы жырларымен танылған сөз шеберінің
университет жастарымен жүздесуі ерекше маңызға ие. Кездесу барысында жас
ақындар қадірлі қонаққа ізет пен ілтипат, шабыт пен құрметке толы арнау
өлеңдерін оқып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ал Роза Сейілхан өз
шығармашылығынан сыр шертіп, лирикалық туындыларын оқыды. Ақын жырларынан адам
жанының иірімдері, көңілдің күйі, сағыныш пен үміт, өмір мен уақыт туралы терең
толғаныстар анық сезілді.
Кеш аясында университеттің
талантты жас өкілі Шәріпбай Балнұр автордың сөзіне жазылған «Жеңеше» әнін
әуелете орындап, рухани кештің көркін аша түсті. Әуезді ән мен мағыналы өлең
кештің мазмұнын байытып, көрермен көңілін тербеді. Сонымен қатар жас поэзия
өкілдері де өз шығармаларынан үзінді оқып, әдеби ортадағы шығармашылық
сабақтастығының үзілмегенін, сөз өнеріне деген құрметтің биік екенін көрсетті.
Емен-жарқын форматта өткен
кездесуде Роза Сейілхан студенттермен ашық сұхбат құрып, өлең жолындағы
ізденістері мен өмірлік ұстанымдары жайында кеңінен ой бөлісті. Жастар
тарапынан қойылған сұрақтар ақындық табиғат, шабыттың қайнары, өлеңнің туу
процесі мен қаламгер жауапкершілігі төңірегінде өрбіді.
«Ақын үшін ең маңыздысы не, ой, сезім,
әлде шеберлік пе?» деген сауалға қаламгер «Бұл үшеуін бір-бірінен бөліп қарау
мүмкін емес. Сезімсіз өлең тумайды. Ойсыз, мәнсіз жыр – татымсыз қара сөз
секілді. Ал шеберлік – сол ой мен сезімді бір арнаға тоғыстырып, оқырман
жүрегіне жеткізетін ғажайып көпір. Ақын ең алдымен жүрегімен сезініп, санасымен
саралап, содан кейін ғана қаламға жүгінуі керек. Өлең – жанның шындығы. Ол
шынайылықты көтермесе, өміршең болмайды» деп жауап берді.
Кешке ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі Болат Шарахымбай мен ақын Мағиза Құнапия арнайы қатысып, Роза
Сейілханның өнеріне жоғары бағаларын беріп, қазақ поэзиясындағы нәзік лириканың
орны туралы ой қозғады. Қонақтар жас қаламгерлерге ізденістен танбауға, сөзге
адал болуға және рухани тереңдікке ұмтылуға кеңес берді. Рухани басқосу соңында
поэзия өкілі оқырман қауымға шынайы алғысын жеткізді.
Тағылымды әдеби кеш жас буынға тың серпін беріп, университеттің рухани-мәдени өмірін байыта түсті. Шығармашыл жастар үшін бұл кездесу сөз өнеріне деген жауапкершілік пен адалдықты сезіндіретін маңызды рухани сабақ болды.
«Abai University» медиа орталығы