«Әдістемелік десант: жас мамандар мен болашақ педагогтерге кәсіби қолдау» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдістемелік форум

«Әдістемелік десант: жас  мамандар мен   болашақ педагогтерге кәсіби қолдау» тақырыбындағы  республикалық ғылыми-әдістемелік форум

2026 жылғы 23–27 ақпан күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Филология факультеті Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен кезекті «Әдістемелік десант: жас  мамандар мен болашақ педагогтерге кәсіби қолдау» атты республикалық ғылыми-әдістемелік форум өткізілді. Іс-шара жас мамандар мен болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, цифрлық білім беру технологияларын, жасанды интеллект құралдарын және инклюзивті оқыту стратегияларын меңгертуге бағытталды.

Форумның ашылуында университеттің Академиялық істер жөніндегі департамент директорының міндетін атқарушы Жүсіпова Жанна Азатқызы алғы сөз сөйлеп, заманауи білім беру жүйесінде цифрлық трансформация мен педагогтердің әдістемелік дайындығының маңыздылығына тоқталды. Кіріспе сөзді Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Таңжарықова Алуа Васильевна, кафедра меңгерушісі Ильясова Нағима Абзелбекқызы жалғастырып, болашақ мұғалімдерді даярлауда инновациялық бағыттардың рөліне ерекше назар аударды.

Форум жұмысына еліміздің жетекші ғылыми орталықтары мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын цифрландыру, ұлттық тіл корпусы, қазақ тіліндегі LLM жобалары және грамматикалық құрылымдарды автоматтандыру мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасады. Қатысушылар қазақ тіл біліміндегі цифрлық ресурстарды дамыту бағытындағы заманауи зерттеулермен танысты.

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары мемлекеттік тілді оқытудағы әдістемелік құралдар жүйесі, В1–В2 деңгейіне арналған оқу құралдарының мазмұны, терминологиялық жұмыстар және тілдік деректерді жинау мен өңдеу архитектурасы жөнінде тәжірибелерімен бөлісті. Білім беру үдерісінде жасанды интеллектті қолданудың мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.

Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен мектеп мұғалімдері жасанды интеллектке негізделген озық тәжірибелерін ұсынды. Академиялық жазба жұмыстарындағы ЖИ рөлі, плагиат мәселесі, авторлық жауапкершілік, оқу сауаттылығын арттыру және грамматиканы оқытудағы инновациялық тәсілдер бойынша нақты мысалдар келтірілді.

Форумның маңызды бөлімдерінің бірі инклюзивті білім беру мәселелеріне арналды. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының инклюзивті білім беру орталығының аға ғылыми қызметкері Исмагулова Светлана Кужаковна инклюзивті саясатты іске асыру жолдарын баяндады. Тәжірибе алаңы барысында «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды жоспарлау мен жекелендіру» пәні бойынша профессор Балтабаева Жаңалық Қылышқызы мен аға оқытушы Кенжебаева Гүлдариға Мерекебайқызы  студенттермен ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға жеке білім траекториясын құру және бейімделген тапсырмалар дайындау тәсілдерін талқылаған ашық сабақ өткізді.

Төрт күндік форум барысында қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, цифрлық құралдарды педагогикалық тұрғыдан тиімді қолдану, академиялық адалдық қағидаларын сақтау және инклюзивті ортада жұмыс істеу бойынша кәсіби тәжірибе алмасты.

Форум білім беру саласындағы заманауи үрдістерді талқылаған, тәжірибе мен ғылымды тоғыстырған маңызды кәсіби алаңға айналды. Іс-шара жас педагогтер мен студенттердің цифрлық-әдістемелік құзыреттілігін арттыруға,  ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылармен жұмыс жасау жолдарын меңгеруге бағыт берді. 

Артқа қайту