МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Абай университетінде Ғылыми кеңес кезекті мәжілісінің отырысы өтті.  Отырысты университеттің Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде жоғары оқу орнының стратегиялық дамуы ғылым сапасымен, басқару тиімділігімен және халықаралық ықпалдастықпен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Жиында университеттің 2025 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері сараланып, алдағы даму көкжиектері талқыланды. Өткен жылы ғылыми жарияланымдар саны артып, халықаралық әріптестік байланыстар нығайған. Ғылыми жобалардың білім беру үдерісіне енгізілуі мен коммерцияландыру бағыты да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл – оқу орнының ғылыми орталық ретіндегі әлеуетінің күшейгенін көрсетеді.

Университет қаржыландыратын ішкі ынталандыру гранттарының нәтижелері де назарға алынды. Аталған бастама жас ғалымдардың зерттеу белсенділігін арттырып, тың ғылыми жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік берген. Ішкі гранттар ғылыми бәсекелестікті қалыптастырып, зерттеу мәдениетін дамытуға ықпал етуде.

Сонымен қатар, 2026 жылға арналған маркетингтік стратегия таныстырылып, білім беру нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру тетіктері сөз болды. Цифрлық коммуникация арналары арқылы талапкерлермен жұмысты жетілдіру, университет брендін күшейту және халықаралық аудиториямен байланысты нығайту негізгі басымдық ретінде белгіленді.

Ғылыми кітапхана қызметін жаңғырту, әлемдік цифрлық платформалар мен ірі ғылыми дерекқорлар ресурстарын кеңінен пайдалану мәселесі де талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар оқытушылар мен білім алушылардың заманауи ғылыми ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

«Education Management School» орталығының қазіргі ахуалы мен даму перспективалары да сарапқа салынды. Білім менеджменті саласындағы ғылыми-әдістемелік жобаларды жетілдіру, кәсіби біліктілікті арттыру бағдарламаларын кеңейту және халықаралық әріптестікті дамыту жоспарлары ұсынылды.

Ғылыми кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

 

«Abai University» медиа орталығы