«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

Абай университеті қабырғасында бүгін жас ұрпақтың санасына ой салар тағылымды кездесу өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Таңдау құны: Жауапкершілік – есею белгісі» тақырыбы қозғалды. Кездесуде шынайы оқиғаларға негізделген қысқаметражды фильмдер көрсетіліп, қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Жұртшылық назарына ұсынылған фильмдерде нашақорлық, әлеуметтік желідегі алаяқтық, буллинг пен зорлық-зомбылық сияқты жастарға қатер төндіретін мәселелер кеңінен көрсетілді. Ондағы әрбір оқиға – ойланбай жасалған шешімнің салдары екенін айқын аңғартты. Көрермендер залындағы студенттердің үнсіздігі бейнефильмді көріп қана қоймай, жүрекпен қабылдағанын аңғартады. Бұл қысқаметражды фильмдер жастардың күнделікті жағдаяттарға сыни баға беру қабілетін арттырып, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Келелі кездесуде Медеу ауданы полиция бөлімі басшысы Жәнібек Шынасилов жастармен түрлі қылмыстық істер бойынша ашық диалог өрбітті. Ол құқық қорғау саласында қызмет ете жүріп, талай адамның бір сәттік қателігі немесе дұрыс шешім қабылдамауы өмір жолын күрт өзгертетінін айтты. Кей жағдайда бұл қателікті түзету мүмкін емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, әрбір қылмыстық әрекет жеке адамға ғана емес, оның отбасы мен жақындарына, тіпті бүкіл қоғамға теріс әсер етуі ықтимал.

– Заң – тек тыйым емес, ол – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Әрбір әрекетіңіздің артында жауапкершілік тұр. Көп жастар «бір реттен ештеңе болмайды» деп ойлайды, бірақ дәл сол «бір рет» деген сөз өмірді, отбасы мен достарды, болашақты түбегейлі өзгерте алады. Біз сіздерді қорқыту үшін емес, сақтандыру мақсатында келдік. Сондықтан әр таңдауды саналы және салмақты қабылдаңыздар. Адал еңбек пен білім ғана сіздерді биікке жеткізеді, ал жеңіл жолдың арты өкінішке толы болуы мүмкін, – деді спикер.

Көрсетілімнен кейін студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Бұл іс-шара – жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы диалогты нығайтып, саналы әрі жауапты азамат тәрбиелеуге бағытталған.

Бүгінгі буын – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан олардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңды сақтауға баулу – қоғамның ортақ міндеті. Мұндай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың өмірлік бағытын айқындауға, қателіктен сақтанып, мүмкіндіктерге жол ашатын саналы шешім қабылдауға ықпал етеді. 

«Abai University» медиа орталығы