«СҰХБАТ: ЖҰМЫС БЕРУШІГЕ ӨЗІҢДІ ДӘЛЕЛДЕ» ЖОБАСЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Абай университетінде білім алушылардың жұмысқа орналасу дағдыларын дамытуға бағытталған «Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба алғаш рет 2018 жылы басталып, қазіргі таңда университеттің түлектерін еңбек нарығына сапалы даярлығын арттыратын маңызды бастама.

Жобаның кезекті іс-шарасы Алматы қаласы Наурызбай аудандық білім басқармасының қолдауымен №208 мектеп-гимназия базасында өтті. Мұнда университеттің барлық факультетінен 16 бітіруші түлек қатысып, мамандықтар бойынша жұмыс берушімен сұхбаттасу кезеңін өтті.

Биылғы бітіруші түлектермен қаладағы №208 мектеп-гимназия және №221 «Келешек» мектебінің басшылары сұхбаттасты. Жұмыс берушілер сұхбат жүргізу кезінде жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді сарапқа салып, талдау жасады. Еңбек нарығына қажетті дағдыларымен танысып, болашақ педагог мамандардың біліктілігіне оң баға берді.

– Бүгін мектеп басшыларымен сұхбаттасу сәтті өтті. Біз ойлағаннан оңай екен. Өзімді болашақ маман ретінде сезініп, жұмысқа қалай орналасуға болатынын түсіндім. Жұмыс берушілер түйіндемемен танысып, осы күнге дейін жинаған тәжірибемізге мән берді. Бұл – кәсібилігімізді арттыруға үлкен септігін тигізді, – деді бітіруші түлек Айнұр Тасқынқызы.  

Айта кетейік, Абай атындағы ҚазҰПУ – отандық білім беру саласындағы жетекші жоғары оқу орны. Бір ғасырға жуық тарихында 250 мыңнан астам маман даярлаған ұстаздар ұстаханасы. Университет түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 95 % құрайды. Биыл 3 мыңнан астам студент бакалавриат бөлімін тәмамдайды. «Сұхбат: жұмыс берушіге өзіңді дәлелде» жобасы жыл сайын бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді. Алдағы уақытта да аталмыш жоба жалғасын таба бермек.

 

«Abai University» медиа орталығы