«МЕЙІРІМДІ КОРНХОЛ» СПОРТТЫҚ ЖАРЫСЫ ӨТТІ

«Мейірімділік декадасы» аясында ерекше әрі жанға жылу ұялататын спорттық іс-шара өтті. Дене мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ұйымдастырылған корнхолдан жарыс оларға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұл күні іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан «ERZI» оңалту орталығы мен дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спорт клубы бірігіп, мейірімділік пен қолдаудың жарқын үлгісін көрсетті деуге болады. Бұл жарыс – тек спорттық сайыс қана емес, сонымен бірге студент еріктілері мен қатысушылар арасындағы сыйластықты, ізгі қарым-қатынасты арттыруға бағытталған әлеуметтік оқиға.

Жарыстың басты мақсаты – дене мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спорт пен дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыру, олардың белсенді өмір сүруін ынталандыру және әрбір қатысушыға өз мүмкіндігін көрсетуге мүмкіндік беру. Тірек-қимыл аппараты зақымданған қатысушылар өз мүгедектік санаттарына сәйкес арнайы форматта сынға түсіп, өз шеберліктерін көрсетті.

Жарыстың әділ әрі сапалы өтуін тәжірибелі төрешілер алқасы мұқият қадағалап, ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздарды жеке есепте анықталды. «Мейірімді корнхол» жарысына қатысушылардың күш-жігері мен спорттық шеберліктері көрерменді керемет тәнті етті.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде спорт клубының арнайы медальдарымен, мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтарымен марапатталып, әрбір жеңімпазға ерекше номинациялар табысталды.

 

«Abai University» медиа орталығы