24.02.2026
ҚАЗАҚ ТІЛІ БОЙЫНША ӘДІСТЕМЕЛІК «ДЕСАНТ-САБАҚ» ӨТТІ
Дүйсенбіден бастап Абай
университетінде болашақ педагогтарды кәсіби қолдау мақсатында әдістемелік «десант-сабақтар»
өтіп жатыр. Бүгін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық
орталығының ғалымдары дәріс оқыды. Іс-шарада қазақ тіл ғылымы, терминологиясы,
тілдік жаңалықтар және оны дамыту бағытындағы жобалар таныстырылды.
Ғылыми орталық мамандары қазақ
тілінің терминологиясы, көнерген сөздер, даулы терминдер мен калька сөздер
тақырыбында жан-жақты түсініктеме берді. Студенттердің назарын аударғаны –
тілдік норманы сақтау және терминологияны цифрландырудағы заманауи жобалар
болды. Бұл жұмыстар қазақ тілінің бірізділігін қамтамасыз етуге, ғылыми
терминдерді жүйелеуге және тілдің ақпараттық ортада тұтынуын арттыруға
бағытталған.
Студенттерге таныстырылған
жобалардың әрқайсысы қазақ тілін цифрлық ортада дамытуға елеулі үлес қосады.
Мәселен, «Termincom.kz» платформасы қазақ терминологиясының тарихы мен
құрылымын толық қамтиды. Сондай-ақ терминдердің этимологиялық мәні мен әр
жылдары жарық көрген ғылыми мақалалар жинақталған. Бұл платформа – терминологиялық
зерттеулерге, ғылыми жұмыстарға және тіл мамандарының кәсіби біліктілігін
арттыруға қолайлы құрал.
Интерактивті әдістемелер арқылы
тілді жеңіл меңгеруге арналған «Duolingo» бағдарламасының қазақ тіліндегі
баламасы – «Til Qural» мобильді қосымшасына талдау жүргізді. Сондай-ақ қазақ
тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуге арналған «Abai Institute» бағдарламасына
сараптама жасады. Аталған жоба қазақ тілінің танымалдығын арттырып, халықаралық
беделін көтеруге үлес қосады.
Кездесу барысында «Тіл-Қазына»
орталығының терминологияны жүйелеуден бастап, қазақ тілін цифрлық дәуірде
сақтап, жасанды интеллект арқылы дамытуды көздейтін жобалары таныстырылды. Орталықтың
AI бөлімінің машиналық оқыту әзірлеушісі Арман Нұркенұлы қазіргі «ChatGPT» және
«Google Gemini» жүйелерінде қазақ тілінің деректер хабын қалыптастырып жатқанын
баяндады. Шара соңында орталық өкілі Лиза Қожаққызы студенттер мен оқытушыларға
бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін меморандум жасап, ынтымақтастықты
дамытуды ұсынды.
Әдістемелік «десант-сабағы» қазақ
тілін дамыту мен насихаттаудағы ауқымды жұмыстарды көрсетуге арналған тиімді
платформа болды. Студенттер орталықтың жобалары мен жаңа технологияларын
қолдану мүмкіндіктерімен танысып, практикалық тәжірибе алды.
Кездесудің нәтижесі болашақ тіл мамандары үшін маңызды тәжірибе болып, орталықтың бастамалары қазақ тілінің дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз.
«Abai
University» медиа орталығы