ЖАҢА КЛУБ ПЕН БОКС ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

«MethodFest» оқу-әдістемелік ашық есік күні бүгін Абай университетінің Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінде жалғасты. Іс-шара білім беру үдерісіндегі заманауи әдістерді насихаттауға, оқытушылардың тәжірибе алмасуына және студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталды.

Бағдарлама барысында «AI дәуіріндегі ғылым мен қоғам: білім, әскери дайындық, спорт» тақырыбында «Science Bridge» жас ғалымдар клубының ашылуы өтті. Кездесу барысында ғылым мен білімнің интеграциясы, цифрлық технологиялардың оқу үдерісіндегі рөлі талқыланды. Сонымен қатар оқу үдерісіндегі озық тәжірибелер таныстырылып, критериалды бағалау мен формативті кері байланыстың тиімділігі, құзыреттілікке негізделген оқыту, педагогикалық мақсаттарды жүйелеу, спортшылардың денсаулығын сақтау және жарақаттардың алдын алу мәселелері қарастырылды. Жас зерттеушілер өз идеяларымен бөлісіп, академиялық еркін пікір алмасуға және болашақ зерттеулерге бағыт-бағдар беретін ортаның қалыптасуына үлес қосты.

Ашық есік күні аясында университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Жанна Жусупова факультетте ұйымдастырылған сабақтар мен спорттық іс-шараларды аралап, білім беру процесіндегі жаңашыл тәсілдерге, оқытушылардың әдістемелік ізденістеріне және студенттердің белсенділігіне оң бағасын берді.

«Бір күн – бір факультет» іс-шаралар тізбегі бойынша фестиваль жұмысы Мұхтар Әуезов атындағы спорт кешені алаңында жалғасын тауып, факультет базасында жаңа бокс залы салтанатты түрде ашылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген спорт алаңы енді оқу сабақтарымен қатар, үйірме жұмыстарына да қызмет етпек.

Ал жаттығу алаңында өткен «Smart-бағдарлау: жергілікті жерді карта мен дрон арқылы зерттеу» сабағы ерекше әсер қалдырды. Аға оқытушы, подполковник Мұрат Сауытбеков өткізген тәжірибелік сабақ барысында студенттер далалық жағдайда заманауи технологияларды қолдану тәсілдерін меңгеріп, әскери дайындық элементтерін іс жүзінде көрсетті. Дрон көмегімен аймақты барлау, карта бойынша бағытты анықтау – теориялық білімнің практикалық қолданысқа ұласқанын айғақтады.

«MethodFest» ашық есік күні қорытындысында факультеттің белсенді студенттері мен әлем чемпионы атанып жүрген спортшылар университет атынан алғыс хаттармен марапатталды.

 «Abai University» медиа орталығы