23.02.2026
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ПІКІРСАЙЫС ТАҚЫРЫБЫНА АЙНАЛДЫ
21-22 ақпан күндері Абай университетінде «Адал азамат» қағидасы аясында «Ата Заңмен жаңғыру» атты Atameken Cup XXIV республикалық пікірсайыс турнирі өз жеңімпаздарын анықтады. Алматы облысы, Шымкент, Түркістан, Тараз, Қарағанды және Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан жалпы саны 70 құрама сайыста бақ сынағанын хабарлаған болатынбыз.
Зияткерлік дода жаңа Конституцияны қолдауға,
жастар арасында құқықтық мемлекет қағидаттарын терең түсіндіруге арналды. Ашылу
салтанатында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры, «Әділетті және
Прогрессивті Қазақстанның Халықтық конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық
коалиция мүшесі Болат Тілеп пікірсайыс жаңа Конституция туралы жастардың азаматтық
ұстанымдарын қалыптастыруға септігін тигізетінін айтты.
– Бұл сайыстың тақырыбы терең де күрделі, бүкіл ел
талқылап жатқан тақырып. Еліміздің ең мықты ғалымдары, сарапшылары, заңгерлері
жаңа Конституцияны талдап-талқылап, бұқараның назарына ұсынып отыр. Сондықтан
турнирдің «Ата заңмен жаңғыру» деп аталуы жайдан-жай емес. Бұл – жастардың
интеллектуалдық білімін арттырады деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін, ел
мерейін үстем ете беріңіздер, – деді Болат Анапияұлы.
Екі күнге созылған пікірсайыста студенттер американдық-парламенттік
форматында (АПФ) Ата Заңдағы өзгерістер мен өзекті тақырыптарды көтерді. Оның
ішінде жаңа Конституция туралы пікір, реформа арқылы сайлау жүйесін жаңғырту, Халық кеңесінің қоғамдық рөлін арттыру,
отбасы институтындағы ажырасудың алдын алу, жасөспірімдердің әлеуметтік желіні
пайдалану тақырыптары қамтылды. Сондай-ақ арнайы
аймақтарға құқықтық мәртебе беру, еріктілікті азаматтық борыш ретінде бағалау,
білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне байланысты
ұсыныстар айтылды.
Турнир қорытындысы бойынша Ұстаздар лигасында
(АПФ) жүлделі 1-орынды «Raddan» фракциясынан Мырзакулов Дәулет (Әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ) пен Онгаров Нұржан (СДУ) алды. Жүлделі 2-орынды «Жаяу Мұса» құрамасы
(Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) иеленсе, 3-орынға «Danq» фракциясы (ҚызҰПУ) лайық
деп танылды. Сонымен қатар «Үздік талпыныс» номинациясы «Flashback» (Әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ) фракциясына бұйырды.
Шәкірттер лигасында жүлделі 1-орын топжарған
«Rafi» фракциясы иеленді. Ал 2-орын «Өзіңнен көр» құрамасына, 3-орынға «Rodeo»
және «Арман великолепный» фракцияларына табысталды. Жалпы пікірсайыс турнирі
бойынша Абдурахим Қонарбайұлы «Ең үздік спикер» номинациясын жеңіп алды. «Ең
үздік төреші» номинациясына Думан Әсембек лайық деп танылды. Ал «Үздік спикер» аталымын
Жанерке Дүйсенбек қанжығасына байлады.
«Abai University» медиа орталығы